×

Тоқаев Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнатуды ұсынды

«Тарих - таразы» деп бекер айтылмаған

 Халық үні 14.01.2024 | 23:40
фото: видеодан скриншот

Алматыда белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің туғанына 80 жыл толуына орай ас берілді. Оған бірқатар қоғам қайраткері, саясаткерлер, парламент депутаттары, ғалымдар мен қаламгерлер қатысты. Аста сөз алған президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы көңіл хатын оқып берген. Тоқаев хатында Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш орнату керек деп есептейтінін жазған. 

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли белгілі саясаткердің рухына бағышталған асқа арнайы қатысып, ел алдында Тоқаевтың ресми хатын оқып берді.

«Құрметті қауым! Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтың туғанына 80 жыл толды.

Тәуелсіз Қазақстан тарихында ел мүддесі үшін аянбай еңбек еткен азаматтар аз емес. Заманбек Қалабайұлы - осындай тұғырлы тұлғалардың бірі. Ол егемендіктің алғашқы кезеңінде көптеген жауапты қызметті абыроймен атқарды. Мемлекеттігімізді нығайтуға айрықша атсалысып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқаны даусыз.

Ұлт перзенттерінің есімін ел жадында жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру - ұрпақ парызы. Осы орайда, Зәкеңнің туған жері - Алматы облысының Кеген ауданында оған ескерткіш орнату және Алматыдағы тұрған үйінде ескерткіш-тақта ашу қажет деп санаймын.

«Тарих - таразы» деп бекер айтылмаған. Халқымыздың кесек тұлғалы азаматының елге сіңірген еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Баршаңызға зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», - делінген хатта. 

Аталған хатты Заманбек Нұрқаділовтің қызы Құралай Нұрқаділова өзінің Instagram-дағы парақшасында жариялаған.

Сондай-ақ шара видеосын мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан да желідегі парақшасында жария етті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама