×

Оралда жүргізуші куәлігінен айырылған тұрғын рөлге есірткі тұтынып отырған (ВИДЕО)

Күдіктінің кінәсі сотта дәлелденсе, ол не қомақты айыппұл арқалауы, не бас бостандығынан айырылуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 10.01.2024 | 10:10
Фото: vlast.kz / Жанара Каримова

Оралда жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам есірткі тұтынып, көлік басқарған, деп хабарлады Polisia.kz.

Қалалық ПД патрульдік полиция батальоны көлікті басқару құқығынан айырылған жүргізушіні ұстады. Ол автокөлікті есірткі пайдаланып алып тізгіндеген.

Биыл 7 қаңтарға қараған түні сағат 01:30 шамасында Мөңкеұлы көшесінде полиция Hyundai Elantra-ны тоқтатты. Көлікті 35 жастағы Орал қаласының тұрғыны басқарған. Медициналық куәландыруға сәйкес, жүргізушінің есірткі тұтынғаны анықталды. Сондай-ақ былтыр әкімшілік соттың қаулысымен оның 6 айға көлікті басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. Көлік арнайы автотұраққа қойылды.

Құқық бұзушының үстінен Қылмыстық кодекстің 346-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Бұл бапқа сәйкес, айыпталушыға көлікті басқару құқығынан айырылған және алкоголь, есірткі және (немесе) мас күйде адамның көлікті басқаруы не көлікті басқаруды осындай адамға беру, сол сияқты осындай адамның көлікті басқаруына лауазымды адамның немесе көлікті меншік иесінің не иеленушісінің жол беруі – белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айырып, 5 мың АЕК (18 млн 460 мың теңге, 1 АЕК – 3 692 теңге) айыппұл салу не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не 1 200 сағатқа дейiн қоғамдық жұмысқа тарту, не 5 жылға дейін бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Енді оралдық көлікті тек 7 жылдан кейін басқара алады.

Айта кетейік, жыл басынан бері Оралда осыған ұқсас 3 жағдай тіркелген.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама