АҚШ-тан Қазақстанға есірткі контрабандасын ұйымдастырғандар сотталды
Олардан марихуана мен гашиш тәркленген болатын
Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті мемлекеттік шекара арқылы есірткі заттарын заңсыз өткізу фактісі бойынша бір топ адамға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Еске сала кетсек, Алматы тұрғыны АҚШ-тан пошта жөнелтілімдерін алу кезінде ұсталған болатын. Одан 649 грамм кептірілген марихуана мен 676 грамм гашиш есірткі заттары табылып, тәркіленді. Тексеру іс-шараларын жүргізу кезінде мемлекеттік шекара арқылы аса ірі мөлшерде есірткі заттарын заңсыз өткізумен және Telegram мессенджері арқылы сатумен айналысқан адамдар тобы анықталды.
Сондай-ақ олардан 705 грамм марихуана мен 1 266 грамм гашиш есірткі заттары табылып,тәркіленді. Сот үкімімен 7 кінәлі адам 3 жылдан 16,5 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Қаржылық мониторинг агенттігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде АҚШ-тан ҚР-ға есірткі контрабанда арнасының және Алматы қаласының аумағында есірткіні тарататын бірнеше Telegram-арналардың қызметі жойылды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.