×

Күрестен рейтингтік ұпай берілетін Zagreb Open турнирі өтеді

Жарысқа қазақ елінің атынан төрт спортшы қатысады

 Дастан Жұмабекұлы 08.01.2024 | 13:45
Фото: gpzagrebopen.com

Хорватияның Загреб қаласында 10-14 қаңтар аралығында күрес түрлерінен Zagreb Open халықаралық турнирі өтеді. Бұл турнирде балуандарға рейтингтік ұпайлар беріледі.

Турнирде балуандар грек-рим, еркін және әйелдер күресінен күш сынасады, деп хабарлады Қазақстан күрес түрлері федерациясы.

Қазақ елінің атынан Загребте жалауы көтерілетін жарысқа төрт спортшы қатысады. Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (86 келі), әйелдер күресінен Ирина Казюлина (65 келі),  Елена Шалыгина (68 келі) мен Эльмира Сыздықова (76 келі) рейтингтік ұпай алып көреді.

Сонымен бірге балуандар жақын арада Астанада ересектер арасында грек-рим, әйелдер және еркін күресінен өтетін Қазақстан чемпионатына қатысады. Ел чемпионаты 1-5 ақпан аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек спорт сарайында өтеді.

Грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының хабарлауынша, 1 ақпанда  грек-рим күресінің балуандары 55, 63, 72, 82, 97 келіде, 2 ақпанда 60, 67, 77, 87 және 130 келі салмақта бозкілемге шығады.

3 ақпанда әйелдер күресінен 50, 53, 55, 57, 59, 62, 65, 68, 72 және 76 келі салмақ дәрежесінде жарыс басталады.

4 ақпанда еркін күрестің өкілдері 57, 65, 74, 86, 92 келі, 5 ақпанда 61,70,79,97 және 125 келі салмақта күш сынасады.

Жарыстың ашылу салтанаты 1 ақпанда Астана уақытымен сағат 17:30-да болады. Белдесулер күн сайын 10:30-да, III және I орындар үшін финалдық белдесулер күн сайын сағат 18:00-де басталады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама