×

ТЖМ қазақстандықтарға алыс сапарға шықпауға кеңес береді

Қар құрсауында қалған жүргізушілер құтқарылып жатыр

 Дәурен Ерболат 03.01.2024 | 12:42
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Төтенше жағдайлар министрлігі қазақстандықтарды алыс сапарға шықпауға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ТЖМ тұрғындарды ауа райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертуді назарға алып, жолдардың жабылғаны туралы ақпаратты бақылап, алыс сапарға шықпауға шақырады. Ауылдағы тұрғындар ауа райы нашарласа, алыстағы жерге жаяу бармауы керек.

Өткен тәулікте ТЖМ құтқарушылары 177 рет төтенше жағдайға аттанған. Оның 82-сі – өрт, 95-і – іздестіру, құтқару және тағы басқа. Сондай-ақ 357 адам, оның ішінде 39 бала құтқарылған.

Қарағанды облысындағы жолдарда құтқарушылар қар құрсауында қалған көліктерден 20 адамды, оның ішінде 4 баланы құтқарды.

Сондай-ақ ТЖМ №52859 әскери бөлімінің әскери қызметшілерімен және полициямен бірлесіп, жабылған жолдардан жақын маңдағы елді мекендер мен жол бойындағы кемпингтерге 287 адам, оның ішінде 29 бала эвакуацияланды.

Облыстық маңызы бар Курчатов – Семей автожолында көлік қозғалысының жабылуына байланысты Абай облысының ТЖД мамандары 5 адам, оның ішінде 1 баланы уақытша пунктке орналастырды.

Семейде құтқарушылар Шүлбі су қоймасында көлікпен бірге мұз астына түсіп кеткен 2 балықшыны құтқарды. Олар Семейге жеткізілді.

Жетісу облысының Алакөл ауданында Үшарал-Достық автожолының 130-шақырымында, Жалаңашкөл учаскесінде ТЖД күшімен қар құрсауында қалған 2 жеңіл көліктен 3 адам құтқарылып, Достық станциясына жеткізілді.

Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданында ТЖД жергілікті атқарушы билікпен, полиция бөлімінің және жергілікті тұрғындардың күшімен 2 қаңтарда «Бекше» қыстағынан Ынтымақ ауылына қарай шығып, жоғалып кеткен ер адамды іздестірді. 3 қаңтарда жоғалған адам «Бекше» қыстағынан 10 шақырым жерден табылды.

Сонымен қатар Қарағанды және Ақмола облыстарында «Алматы-Екатеринбург», «Щучинск-Астана» жолдарында көлік апаты тіркелді. Көліктерде болған 26 адам, оның ішінде 1 бала құтқарылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама