×

6 баланы өрттен аман алып қалған әйел мемлекеттік наградаға ұсынылды

Шымкентте қызыл жалыннан қаймықпай, 6 баланы аман алып қалған келіншек мемлекеттік наградаға ұсынылды

 Халық үні 30.12.2023 | 22:45
Фото: "Отырар"

Шымкентте қызыл жалыннан қаймықпай, 6 баланы аман алып қалған келіншек мемлекеттік наградаға ұсынылды, - деп хабарлайды 24KZ. 

Осылайша, Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері Марина Гафарованы бейбіт күннің батырына теңеп, өзгелерге үлгі етті. Жаңа жыл мерекесі қарсаңында жергілікті әкімдік өкілдері де батыр әйелді құттықтап, баспана беруге уәде берді. Оқиға 16 желтоқсанға қараған түні сағат екілердің шамасында болған. 27 жастағы Марина Гафарова көрші үйдегі қою түтінді бірінші болып көріп, балалардың жылаған даусын естігенін айтады. Сөйтіп, терезені сындырып, ата-ана қарауынсыз қалған 6 баланы қауіпсіз жерге алып шыққан.

«Күйеуім және інім қонақта болған, екеуіне айғайлаймын. Оларда асып түседі. Қолынан ұстап, маған көмектеседі. 6 баланы үйге кіргізіп, шәйнек, тазик - не бар сонымен су тасып, өртті өшірдік. Күйеуім ініммен бірге газ баллонды жалаң қол ұстап тастады. Үй де бүлінбеді, бала-шаға да аман», - дейді қала тұрғыны Марина Гафарова.

Лаулаған жалыннан қорықпай, адам өмірін аман сақтап қалған ол өзін батыр санамайды. Керісінше, «әрбір азамат менің орнымда болса, осындай қадамға барар еді», - дейді. Өзі де 4 баланы тәрбиелеп отырғандықтан, балалардың болашағы жарқын болса екен деп тілейді.

«Айтылды. Жарайсың. Келеді, «мақтанамыз осындай Марина деген қызымыз бар», - деп айтады. Еркектер келіп, қолымды алып, «жарайсың, қарындас», - дейді. Ал осындай жағдай болған кезде ешкім қарап отырады деп ойламаймын. Өйткені адам өмірі ең басты деп санаймын», - дейді қала тұрғыны Марина Гафарова.

Ерлікке пара-пар үлкен іс осыдан кейін әлеуметтік желіде лезде тарады. Ғаламтор қолданушылары Маринаға деген ыстық ықыласын білдіріп, өзгелерге үлгі болғанын жазып жатыр. Сондай-ақ өзі оқыған мектептегі оқытушылары мен түрлі мемлекеттік мекеменің басшылары да құрмет көрсетуге арнайы келді.

«Бір жағынан өте қуанып отырмын. Біздің мектептің мұғалімдері түлегімізге осындай жалынды қасиеттерді бойына сіңіре білгеніне. Тек өзінің өмірін ойламай, тілсіз жаудан, өрттен қорықпай, балаларды құтқарып қалу деген көп адамның қолынан келе бермейді»", - дейді №83 жалпы орта мектебінің директоры Нұрлан Еспанов.

Төтенше жағдайлар қызметкерлері өрттің шығу себебін балалардың отпен ойнауынан туындағанын жеткізді. Ал құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, батылдығы мен жанқиярлық ерлігін көрсеткен Маринаны марапатқа ұсынды.

«Өрт орнына өрт сөндіруші қызметкерлер жеткенге дейін өз бетінше адамдарды құтқарып қалу болмаса өрттерді сөндіру жұмыстары бізде жиі болады. Барлығын елеп, барлығына көңіл бөлеміз. Қазіргі уақытта Марина Гафарованың ерлігіне министрлікке хат жолданды. Оны марапаттау бойынша», - дейді қалалық ТЖД ресми өкілі Асқар Шәріп. 

Сондай-ақ бір отбасын ажалдан арашалаған жанға қала билігі де қолдау көрсететінін жеткізді. Демеушілер есебінен жаңадан салынып жатқан тұрғын үй кешенінен 4 бөлмелі пәтерді сыйға тартуға уәде берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама