Түркістандық полицейлер 30,6 млн теңгеге 7 мотоцикл сатып алмақ

Еркеғали Болатұлы

Байқауға қатысуға қабылданған өтінім 30 мамырда аяқталады

фото: kaztag.kz

Түркістан облысының полициясы 7 мотоцикл сатып алуға 30 млн теңгеден астам қаржы жұмсауды жоспарлап отыр.

Тапсырыс беруші – «ҚР ІІМ Түркістан облысының полиция департаменті» ММ; атауы мотоцикл; бір бірлігінің бағасы – 4,4 млн теңге; саны – 7; жоспарлы сомасы – 30,6 млн теңге, - делінген мемлекеттік сатып алу порталында орналастырылған лот сипаттамасында.

Қазір байқауға қатысуға өтінім қабылдау басталған және ол 30 мамырда аяқталады.

Техникалық ерекшелігінде көрсетілгендей, әр мотоциклдің бөлігі ақ түске боялған, борттық нөмірі көрсетілген және POLISIA деген жазуы болу керек. Онымен бірге жинақта басқа да бөлшектері болуға тиіс.