×

Астанадан Бурабайға қарай жаңа жылдық пойыз шықты (ВИДЕО)

Оның құрамы жаңа жылдық демалыс маусымы аяқталғанша жұмыс істейді

 Дастан Жұмабекұлы 28.12.2023 | 17:52
Фото: видеодан кадр

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Астанадан Бурабайға дейінгі арнайы брендтелген электр пойызы жолға шықты. Бұл – Туризм және спорт министрлігі Kazakh Tourism ұлттық компаниясы мен «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның бірлескен жобасы.

Арнайы пойыздың құрамы жолаушыларға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін іші де, сырты да жаңа жыл мерекесіне сай безендірілген. Вагон жолсеріктері бір уақыт Аяз ата мен Ақшақар кейпіне еніп, жолаушыларды келе жатқан мерекемен құттықтап, сыйлықтар тапсырады. Мерекелік безендірілген пойыз құрамы жаңа жылдық демалыс маусымы аяқталғанға дейін қатынайды.

Биыл екінші жыл қатарынан жаңа жыл қарсаңында ҚТЖ-мен бірігіп, брендтелген туристік пойызды іске қосып отырмыз. Мұндай пойыз жолаушыларға мерекелік атмосфера сыйлап қана қоймай, туристерді де тартуға мүмкіндік береді, – деді Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев.

Айта кетейік, былтырғы жаңа жылдық электр пойызымен 16 мыңнан астам жолаушы тасымалданған.

Мерекелік пойыз құрамы 28 желтоқсаннан бастап аптасына 5 рет қатынайды. Астанадан Бурабай курортына пойыз «Нұрлы жол» вокзалынан таңғы сағат 06:12-де жүреді. Сонымен қатар елорда тұрғындары мен қала қонақтарына ыңғайлы болу үшін пойызға Астана-1 вокзалынан да отырғызу қарастырылған. Бұл жерге экспресс пойыз таңғы сағат 06:37-де келіп, 07:00-де жүріп кетеді.

Туристік пойызды іске қосу аясында Қазақстан Республикасы Президентінің іс басқармасы «Бурабай даму» ЖШС-мен арнайы рейстің кестесіне сәйкес қысқа тур ұйымдастырады. Жаңа жыл мерекесін лайықты қарсы алу үшін Бурабайдағы «Санта» резиденциясына барып, Бурабайландта күні бойы демалу ұсынылады. Мұнда бұғы немесе ит жегілген арбамен, квадроциклмен, қарда жүретін көліктермен серуендеуге, атқа мінуге болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама