QAZAQ TILI қоғамына алғашқы болып жарна аударған – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
«Alageum Electric» компаниялар тобы қазақ тілін қолдау үшін QAZAQ TILI Endowment қорына 100 миллион теңге жарна аударды.
Бұған дейін 7 желтоқсанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы болып аталған қорға жеке қаражатынан 7 млн теңге аударды.
Біз Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты және ұзақ мерзімді дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бастамасын қолдаймыз. Ана тілі - қазақ қоғамының құндылықтарының айнасы. «Alageum Electric» әрқашан қазақ тілін және ұлттық мәдениетімізді сақтауға ерекше назар бөледі.
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту шараларына үлес қосу – бұл біздің міндетіміз. Барлық тіл жанашырларын осы бастамаға үлес қосуға шақырамыз, - деді «Alageum Electric» компаниялар тобының негізін қалаушы Сайдолла Қожабаев.
Эндаумент қорының басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.
Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.
QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды.
АНЫҚТАМА:
«Alageum Electric» компаниялар тобы – еліміздегі электротехника саласындағы аса ірі компания. Ол құрамына электротехника, электр машина жасау және құрылыс салаларында сәтті жұмыс істеп жатқан 30-дан аса ірі кәсіпорын мен зауыттарды біріктіреді, олардың ішінде Кентау трансформатор зауыты, Asia Trafo, Орал трансформатор зауыты, Петропавл электротехникалық зауыты және т.б. Компания өнімдері отандық және халықаралық сапа стандарттарына сай келеді. Компания өнімдері ТМД мен Таяу Шығыс елдеріне экспортталады.