×

Тоқаев алғашқы болып QAZAQ TILI қоғамына 7 млн теңге жарна аударды

Сүйінші жаңалықты «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы жеткізді

 Халық үні 07.12.2023 | 10:24
фото: akorda.kz

Мемлекет басшысы алғашқы болып «Қазақ тілі» қоғамына жеке жарна аударды. Бұл туралы «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы хабарлады.

Рауан Кенжеханұлы 12 қазанда Президенттің қабылдауында болғанда мемлекеттік тілді дамытуға арналған эндаумент қорын құруды ұсынған. Мемлекет басшысы бұл ұсынысты қолдап, QAZAQ TILI Endowment қорын құру, тіркеу, рәсімдеу шаралары жақында аяқталып, бүгін Қасым-Жомарт Кемелұлы сол қорға бірінші болып 7 миллион теңге көлемінде жеке жарна аударды.

Бұл қордың басты міндеті – мемлекеттік тілді қолдау және дамытумен айналысатын еліміздегі ең ірі ұйым – «Қазақ тілі» қоғамының тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету.

Эндаумент қорының ерекшелігі – қорға жиналған қаржы жұмсалмайды. Қордағы қаражат басқаруға беріледі және инвестицияға құйылады. Инвестициялық қызметінен түскен табыс «Қазақ тілі» қоғамының жарғылық міндеттеріне жұмсалады.

Әлем елдерінде білім беру мен әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін қоғамдық ұйымдардың тұрақты әрі ұзақмерзімді қызметін қамтамасыз ету үшін эндаумент қорын құру тәжірибесі кең таралған.

Қазір Жапониядағы ғылым мен технология қоры, сонымен қатар, Стэнфорд, Гарвард университеттерінің қорлары дүние жүзіндегі ең ірі эндаумент қорларының қатарына кіреді. Қазақстанда да ірі университеттер, мектептер мен коммерциялық емес ұйымдардың эндаумент қорлары сәтті жұмыс істеп келеді.

QAZAQ TILI Endowment қорын беделді қоғам қайраткерлері, ғалым-лингвистер мен мемлекет өкілдерінен құралған тәуелсіз қамқоршылар кеңесі бақылайды, - деп жазды Рауан Кенжеханұлы.

Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамына қазақ тіліндегі медиа және баспа контентін көбейту үшін нақты жобалар мен шаралар кешенін жүзеге асыру, тілді оқыту мен үйрету әдістемесін жетілдіру, оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту, сонымен қатар, қазақ тілін қолдау мен тілді қолданатын қауымдастық аясын кеңейту мақсатында заманауи технологиялық шешімдерді кеңінен пайдалануды тапсырды.

Президент көрсеткен үлгіні ел азаматтары, тіл жанашырлары, кәсіпкерлер кеңінен қолдайды деп сенеміз. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа ана тілімізге деген адал азаматтық ұстанымы, көрсеткен зор құрметі, жеке үлгісі үшін алғыс білдіреміз!, - деп жазды Рауан Кенжеханұлы.

«Қазақ тілі» қоғамының биыл іске асырған бастамалары:

  • шілде айында қоғамның құрылтайы өтті;
  • қазан айында қоғам төрағасы Президенттің қыбылдауында болды, кездесуде қоғамның даму бағыты мен іс-қимыл жоспары белгіленді;
  • қазанда қоғам ұйымдастыруымен Digital Bridge форумында «Қазақ тілі және жасанды зерде» тақырыбында арнайы сессия өтті;
  • желтоқсанда Qazaq Oxford Dictionary сөздігі жарияланады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама