×

Ауыспалы нөмірлерден жасалған 43 млн-нан астам қоңырау бұғатталды

Халықаралық қоңырауларды анықтау және бұғаттау жүйесі іске қосылды

 Динара Амантай 28.12.2023 | 13:40
Фото: polisia.kz

Қазақстанда соңғы 7 жылда интернет-алаяқтық саны 10 есе, яғни 2 мыңнан 20 мың қылмысқа дейін өскен. Биылдың өзінде интернет-алаяқтар азаматтарға 17,5 млрд теңгеден астам шығын келтірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ең жиі кездесетін алдау түрі – интернет арқылы «жоқ» тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде алдын ала төлем алу (7 мың факті). Екінші орында – банк қызметкерлерінің атынан жасалатын қоңыраулар (2,5 мың факті). Үшінші орында – онлайн-қарыздарды ресімдеу (2 мың факті).

Киберқылмыстың өсуі және оның жаңа түрлерінің пайда болуы тек Қазақстан мен ТМД елдерінде ғана емес, бүкіл әлемде байқалады. Мұндай қылмыстар трансшекаралық сипатқа ие. Сондықтан да оларды ашу қиынға соғып жатады. Өздеріңіз білетіндей, интернетте шекара жоқ. Қылмыскерлер түрлі анонимді, шет елдерде орналасқан сервистерді пайдаланады, – деп атап өтті ІІМ криминалдық полиция департаменті киберқылмысқа қарсы күрес орталығының бастығы Жандос Сүйінбай.

Ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстардың алдын алу және оларды ашумен ІІМ криминалдық полиция департаментінің киберқылмысқа қарсы күрес орталығы айналысады.

Биыл жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 3 мыңнан астам интернет-алаяқтық жасаған 828 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Қыркүйекте Өскеменде 50-ден астам интернет-алаяқтық фактісіне қатысы бар 3 күдікті ұсталды. Олардан ұялы телефондар мен ноутбуктер тәркіленді. Жалпы келтірілген шығын – 80 млн теңге, – деді спикер.

Желтоқсанда елордада полицейлер төрт алаяқтық сall-орталықты анықтады. Тінту іс-шаралары барысында тәртіп сақшылары 170-тен астам ноутбук пен желілік жабдықты тәркіледі. Мүдделі мемлекеттік органдармен және байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден түсетін қоңырауларды бұғаттау бойынша жұмыс жалғасып жатыр.

Биыл 43 миллионнан астам қоңырау бұғатталды. Сонымен қатар 15 қарашадан бастап Қазақстан тұрғындарының стационарлық телефондарына келіп түсетін халықаралық қоңырауларды анықтау және бұғаттау жүйесі іске қосылды. Жүйе іске қосылған сәттен бері 278 мыңнан астам қоңырау бұғатталды. Сондай-ақ қарыз алу рәсімдері sms арқылы растау және биометрия жүйесімен күшейтілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама