×

Балуандарға пәтер мен автокөлік берілді

Ризабек Айтмұхан пәтердің, ал Ал Азамат Дəулетбеков авткөліктің кілтін алды

 Дастан Жұмабекұлы 24.12.2023 | 15:39
Фото: Қазақстан күрес федерациясы

Қазақстан күрес федерациясы жылды қорытындылау конференциясын өткізді. Биылғы 2023 жыл отандық күрес қауымдастығы үшін жарқын оқиғаларға, тарихи әрі сенсациялық көрсеткіштерге толы болды, деп хабарлады ұйымның баспасөз қызметі.

Бүгінде күрестің үш түрінен ресми халықаралық жарыстарда ұлттық құрама қоржынында барлығы 117 медаль бар. Оның ішінде спортшылар 26 алтын, 33 күміс, 58 қола медаль иеленді.

Конференцияға Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті жанындағы «Спортты дамыту дирекциясы» басшысының міндетін атқарушы Азамат Имашев, «Спортты дамыту дирекциясы» МКҚК инспекторлық-аналитикалық бөлімінің басшысы Төлеубек Ниязбеков, Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының бірінші вице президенті Марат Мұзапаров, ұйымның вице-президенттері Владимир Котельников, Думан Зекенов, Сабыржан Зайнидинов, Қаділет Нәбиұлы, Дәурен Жабасов, федерацияның бас хатшысы Димаш Сұлтанов, федерация мүшесі Оңалбай Аяшев пен Қазақстан күрес федерациясының облыстардағы президенттері мен жаттықтырушылар қатысты.

Еліміздің әр аймағынан келген жаттықтырушылар мен федерация мамандары және ұлттық құрама бапкерлері өз жұмыстарына есеп беріп, ұсыныстарын да жеткізді. Қазақстан күрес федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов бұл жолы жасөспірімдерге ерекше назар аудару керектігін баса айтты. Сондай-ақ келесі жылдың Халықаралық күрес федерациясының күнтізбесімен танысты. Сонымен қатар ересектер, жастар және жасөспірімдер арасында өтетін Қазақстан чемпионатының күнтізбесін бекітті.

Жиынның соңы Қазақстан күрес федерациясының салтанатты гала концертімен жалғасын тапты.

Бұл кеште үздік нәтиже көрсеткен спортшыларға пәтер, автокөлік және қомақты сыйақылар табыс етілді. Атап айтқанда, Қазақстан күресіне ерекше ықылас білдіріп жүрген белгілі меценат Дулат Тастекеев ересектер арасындағы әлем чемпионатының қола жүлдегері әрі команда капитаны Азамат Дəулетбековке автокөліктің кілтін тапсырды. OLIMPBET букмекерлік кеңсесінің өкілі және биылғы жылғы басты додасында ғажап қайсарлық  танытып, отандық күрестің тарихын қайта жазған аса дарынды әрі 2023 жылдың ең нәтижелі балуанымыз Ризабек Айтмұханға пәтер сыйлады.

МахБет PV2 құрылыс компаниясының директоры Марат Нұрлыбекұлы компанияның атынан U23 жасқа дейін әлем чемпионы Сұлтан Әсетұлына пәтердің кілтін және күміс жүлдегер Асылжан Есенгелдіге, қола жүлдегер атанған Алтын Шагаева мен Ирина Кузнецоваға қаржылай сыйақы тапсырды.

Сонымен қатар, 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионы Исхар Құрбаевқа Астана қаласынан пәтердің кілті табысталды. Қола жүлдегер Дінислам Сағитжанға ақшалай сертификат берілді. Бұдан бөлек, XIX жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Мейіржан Шермаханбетке, қола жүлдегерлер Азат Садықов, Әлімхан Сыздықовқа ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Биыл Қазақстан төрінде өткен ересектер арасындағы Азия чемпионатының бас жүлдегерлері Ибрагим Магомадов, Санжар Досжанов, Дархан Есенғали, Эльмира Сыздықова, күміс жүлдегерлер Диас Кален, Нұрсұлтан Тұрсынов және қола жүлдегерлер Аманғали Бекболатов, Мұхамедəли Мамурбек, Олжас Сырлыбай, Әлімхан Сыздықов, Алмат Кебіспаев, Рахат Қалжан, Марина Седнева, Елена Шалыгина федерация тарапынан арнайы ақшалай сертификатпен марапатталды.

Келесі кезекте жастар арасындағы Азия чемпиондары мен жүлдегерлеріне, сонымен қатар, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Азия чемпиондары Юнус Гафуров, Азамат Құрман, Елдос Камелов, Мақсат Сайлау, Ислам Умаев, Ирина Кузнецова, күміс жүлдегерлер Өсімжан Дастанбек, Ерасыл Мұхтарұлы, Ербол Камалиев, Асаухат Мухамадиев, Ислам Евлоев, Джохар Узаров, Зейнеп Баянова, қола жүлдегерлер Ілияс Ерболатов, Нұрдаулет Куанышбай, Альбина Каиргельдинова, Альбина Жанатаева лайықты марапаттарға ие болды.

20 жасқа дейінгі Азия чемпиондары Ерхан Бексұлтанов, Камиль Куруглиев, Ислам Евлоев, күміс жүлдегерлер Айбек Айтбеков, Нұрасыл Аманалы, Шəмшиябану Тастанбек, қола жүлдегерлер Мерей Базарбаев, Әбдінұр Нұрланбек, Нұрдаулет Бекенов, Иманғали Қалдыбек, Азиз Гасымов, Джохар Узаров, Алтын Шагаева, Зейнеп Баянова, Жібекжан Сабыржановаға сыйақы табыс етілді.

Ресми кеште тек спортшылар ғана емес, төрешілер мен бапкерлер де назардан тыс қалған жоқ. Арнайы федерация тарапынан 2023 жылдың номинациялары тағайындалды. «2023 жылдың үздік спортшысы» номинациясының жеңімпазы Ризабек Айтмұхан атанды. «2023 жылдың үздік жаттықтырушысы» номинациясының атағына Қонысбек Түкенов пен Данияр Тұрлыханов ие болды. «2023 жылдың үздік төрешісі» номинациясының жеңімпазы Игорь Лигай болса, «2023 жылдың үздік медицина маманы» номинациясы Ардрей Клипанға берілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама