Қызылорда облысында энергиямен жабдықтаушы ұйымдар тарифті негізсіз қымбаттатқан

Динара Амантай

Жыл сайынғы бюджет қаражатын үнемдеу 380 млн теңгеден асады

Фото: Halyq Uni

Қызылорда облысының энергиямен жабдықтаушы ұйымдары электр энергиясын өндіру және өткізуге қатысы жоқ шығындарды электр энергиясының тарифтеріне қосқан, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті электр энергиясына тарифтерді қалыптастыруға талдау жүргізді. Нәтижесінде әлеуметтік нысандарды электрмен қамтамасыз ететін үш кәсіпорынның әкімшілік ғимараты мен көліктерді жалға алу және басқа да шығындарды тарифке қосқаны анықталды.

ҚМА аумақтық департаменті мен табиғи монополияларды реттеу департаменті қабылдаған шаралар нәтижесінде энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың тарифтерінен негізсіз шығындар алынып тасталды. Осылайша, Қызылорда қаласы мен облыстың 5 ауданындағы (Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы) барлық бюджеттік ұйымдар үшін тариф 18,8%-ға, яғни кВт/сағ үшін 38,75-тен 31,45 теңгеге дейін төмендеді, – делінген хабарламада.

Жыл сайынғы бюджет қаражатын үнемдеу 380 млн теңгеден асады.