×

Мемлекет басшысының «Алтын тұғыр» жеңімпаздарын құттықтау сөзін Ерлан Қошанов оқып берді

Астанада «Алтын тұғыр» ұлттық сыйлығын табыстау рәсімі өтті

 Ербол Тұрымбет 21.12.2023 | 19:35
Ерлан Қошанов, фото: Halyq Uni

Бүгін Астанада ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен «Алтын тұғыр» жүлдесінің он жылдық мерейтойы аясында ұлттық спорт түрлері бойынша үздік спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталды.

Жиынға Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов, Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов, сондай-ақ Парламент депутаттары мен көрнекті қоғам қайраткерлері қатысты.

Салтанатты кешке Қазақстанның барлық аймақтарынан спорт федерацияларының басшылары, спортшылар, жаттықтырушылар мен ұлттық спорт жанкүйерлері де жиналды.

Салтанатты рәсім алдында іс-шараның негізгі қатысушылары – спортшылар, жаттықтырушылар, федерация президенттері мен өнер қайраткерлері көк түсті кілеммен жүріп өтті, оларды жанкүйерлер, фотографтар және марапат иелері қарсы алды.

Шараға 500-ге жуық адам жиналды. Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық-драма театрында өткен марапаттау рәсімін ұйымдастырушы – Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қонақтарға садақ ату, асық ату және тоғызқұмалақтан шеберлік сабақтары ұсынылып, қатысушылар өз күштері мен шеберліктерін сынға салды. Көпшілікке тәтті тағамдармен бірге, бауырсақтар да ұсынылды. Қонақтарды, әсіресе қымыздан жасалған субұрқақ таң қалдырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан құттықтау сөзін Мәжіліс төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов оқыды.

Баршаңызды «Алтын тұғыр» сыйлығымен марапаттау рәсімінің ашылуымен құттықтаймын! Бұл – ұлттың келешегі, ұрпақтың тәрбиесі үшін айрықша мәні бар оқиға. Төл өнерімізде қазақтың тарихы, мәдениеті, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі түгел көрініс тапқан. Ұлттық ойындарымыз халқымыздың отаншылдық, адалдық, жауапкершілік, қайсарлық, ептілік сияқты қасиеттерінің ұрпақтан ұрпаққа жалғасуына септігін тигізіп келеді, - делінген Президенттің құттықтау хатында.

Мемлекет басшысы құттықтау сөзінде көшпенділер мәдениетін заман талабына сай бейімдеп, жаңғырту ұлтымыздың болмысын және бірегейлігін сақтауға ықпал ететінін атап өткен. Әсіресе, елімізде спортпен айналысуға барлық жағдай жасалғанын, оның ішінде бабалардан мирас болған төл өнерімізді дамытуға да баса мән беріліп отырғанын жеткізген.

Келесі жылы Қазақстанда өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары – соның бір көрінісі. Осы орайда ұлттық ойындарға жанашырлық танытып, оны дәріптеп жүрген азаматтарға шынайы ризашылығымды білдіремін! Баршаңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін! Еліміз өсіп-өркендей берсін! - делінген Мемлекет басшысының құттықтау хатында.

Ұлттық ойындарды кеңінен насихаттау мақсатында тағайындалған «Алтын тұғыр» жүлдесі беделді мәртебеге ие. Бұл - спортшылар мен бапкерлердің жетістіктері мен қосқан үлесін бағалайтын дәстүрлі спорт әлеміндегі ең ауқымды шаралардың бірі.

Айта кету керек, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығына 10 федерация кіреді, оның ішінде «Тоғызқұмалақ», «Бәйге», «Құсбегі», «Көкпар», «Аударыспақ», «Жамбы ату», «Теңге ілу», «Дәстүрлі садақ» ату», «Асық ату» және «JORYQ» ат спорты федерациялары бар.

Шара «АМАНАТ» партиясы мен ҚР Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өтті. Іс-шараның бас серіктесі – «Самұрық-Қазына» АҚ, серіктесі «Sport Qory» туризм және спорт саласын қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама