Кооперативтің қызметіне 300-ге жуық салымшы тартылған
Атырауда QazHome тұтыну кооперативінің атын жамылып, қаржы пирамидасын ұйымдастырған қала тұрғындары нақты мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, Атырау облысы бойынша департаменттің қызметкерлері аталған азаматтардың қылмыстық әрекетін әшкерелеген. Ұйымдастырушылар азаматтарға жылжымайтын мүлік береміз деген желеумен қаржы пирамидасына ақша салуды ұсынған.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында кооперативтің қызметіне 300-ге жуық салымшы тартылған. Оның ішінде тек 35 адам ғана өтініш беріп, бұл өтініштер бойынша келтірілген шығын көлемі 49 млн теңгеден асатыны анықталды. Сот үкімімен QazHome тұтыну кооперативінің басшылары кінәлі деп танылып, әрқайсысы 6 жылға бас бостандығынан айырылды, – деді ҚМА ресми өкілі Әлібек Әбділов.