×

Шавкат Рахмонов қарсыласын уақытынан бұрын жеңді (ВИДЕО)

Шавкат үшін бірінші раунд тек клинч-бақылауда өтті

 Еркеғали Болатұлы 17.12.2023 | 13:09
фото: sports.ru

Қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов Лас-Вегаста өтіп жатқан UFC 296 турнирі аясында америкалық Стивен Томпсонмен жекпе-жекке шықты.

Айта кетейік, қазақстандық файтер әуеліден-ақ америкалықпен жекпе-жекте айқын фаворит саналған. Қазақстандық үшін бұл ең ірі промоушендегі алтыншы жекпе-жек болды.

Шавкат үшін бірінші раунд тек клинч-бақылауда өтті. Ал екінші раундта ол қылқындыру әдісінің арқасында ММА-да 18 және UFC-де 6-рет уақытынан бұрын жеңіске жетті. Рахмонов қылқындырып жатқанда Томпсон жеңілгенін мойындап, қолымен белгі берді. Осылайша, қазақ жекпе-жек шебері әлі бірде-бір рет жеңілмей келеді. Ал Стивен Томпсон кәсіпқой ММА мансабында осымен 7-рет жеңіліп отыр.

Осы жекпе-жегіне дейін Шавкат Рахмонов жартылай орта салмақ дәрежесінде 5-орында болса, Стивен Томпсон 6-орында тұрған еді. Ал кештің басты жекпе-жегінде жартылай орта салмақтағы UFC чемпионы Леон Эдвардс пен Колби Ковингтон жұдырықтасты.

Бүгін таңертең АҚШ-тан жеткен ақжолтай хабар бүкіл қазақ елін қуантты. Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев та спортшыны құттықтап, алдағы турнирлерде де сәтті өнер көрсетуін тіледі.

Егемендік күнінде ел тұрғындарын қуанышқа бөлеген даңқты спортшымызды жеңісімен шын жүректен құттықтаймын! – деді ол.

Сондай-ақ Шавкат Рахмоновтың өзі де UFC-дегі кезекті жеңісінен кейін Қазақстан халқын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

Ассалаумағалейкүм, Қазақстан! Мен осындай жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын. Қазақстанымыздың Тәуелсіздік алған күні, сондықтан қуаныштымын. Кішкене қобалжып тұрмын. Рақмет үлкен!

Әрине, Wonerboy – өте мықты қарсылас. Мерзімінен бұрын жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Өзімді титулға белдесуге лайықтымын деп ойлаймын», - деді Шавкат Рахмонов.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама