Жолда қалған адамдарды құтқару аяқталды – ТЖМ

Дәурен Ерболат

Мамандар қолайсыз ауа райында алыс сапарға шықпауға кеңес береді

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Елімізде қар құрсауында қалған адамдарды құтқару операциясы аяқталды, деп хабарлады ТЖМ баспасөз қызметі.

Қазақстанда ауа-райының нашарлауына байланысты (қатты боран, желдің күшеюі, жолдың нашар көрінуі, жауын-шашын, көктайғақ) көліктің барлық түрі үшін республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда қозғалыс шектелген болатын.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде көліктерден 5 мыңнан аса адам құтқарылды.

Жамбыл облысында авариялық-құтқару жұмысын жүргізуге ТЖМ, ІІМ, Қорғаныс министрлігінен, Қазавтожол, жергілікті атқарушы органдардан 450-ден аса адам және 230 техника жұмылдырылды.

Сонымен қатар құтқару операциясына Қырғызстан ТЖМ-нің 42 құтқарушысы мен 8 техникасы тартылды.

Түркістан облысындағы авариялық-құтқару және шұғыл операцияға ТЖМ бөлімдері, жол қызметі, полиция мен жергілікті атқарушы органдардан 450-ге жуық адам, 140 техника жұмылдырылды.

Сондай-ақ Жетісу облысының жолдарында 70-тен аса адам құтқарылды.

Қазір Жамбыл, Түркістан, Абай және Жетісу облыстарындағы республикалық маңызы бар жолдардың 5 учаскесінде және облыстық маңызы бар жолдардың 4 учаскесінде көліктің барлық түрі үшін қозғалыс жабық. Республикалық және өңірлік деңгейдегі жедел штабтың жұмысы жағдай толық тұрақталғанға дейін жалғасады.

ТЖМ мамандары қыста қазақстандықтарға ауа-райының өзгеруін, метеорологиялық ақпаратты, ауа-райының нашарлауы, жолдардың жабылуы және ауа райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескертуді үнемі қадағалап отыруға кеңес береді.

ТЖМ ауа райының қолайсыздығына байланысты жарияланған ескерту кезінде алыс сапарға шықпау керегін ескертеді.

Сонымен қатар ауа райы нашарлағанда ауылда тұратын адамдар жақын маңдағы елді мекенге жаяу бармауы керек.

Еске салайық, бұған дейін Алматы облысында қар құрсауында қалған адамдар құтқарылған еді.

Сондай-ақ Жамбыл облысында 5 мың адам эвакуацияланған болатын.