Жамбыл өңірінде жолда қалған 5 мың адамға көмек көрсетілді
Жетісу облысы төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары апаттық-құтқару жұмыстары кезінде қар құрсауында қалған автокөлікті жолдың тазартылған учаскесіне сүйреп шығарып, көлікте толғатып отырған 1989 жылы туған аяғы ауыр әйелді құтқарды. Ол Үшарал қаласының перзентханасына жеткізілді, деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Қазір қар құрсауынан 43 адам, оның ішінде 4 бала құтқарылды. Апаттық-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Жетісу облысының төтенше жағдайлар департаменті азаматтарға ауа райына қатысты мәліметтерді оқып отыруға кеңес береді.
Дабылды ескерту туралы хабарламаларға құлақ асып, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар, – делінген хабарламада.
Аяз бен көктайғаққа және боранға байланысты 5 өңірде республикалық маңызы бар автожолдардың 9 учаскесі мен облыстық маңызы бар автожолдардың 15 учаскесінде жол жабылды. Бес өңірде дизель отынымен жүретін жүк және жолаушылар көлігіне жүруге тыйым салынды.
Бұған дейін хабарланғандай, Жамбыл облысында жолда қалған 5 мың адам құтқарылған. Ал полицейлер бір күнде еліміздің түкпір-түкпірінде аязда қалған 2 мыңнан астам азаматты құтқарды.