Смайылов Qarmet-ке жұмысшылар алдындағы барлық міндеттемелерді уақытылы орындауды тапсырды
Инвестициялық бағдарламаны іске асыру мақсатында шамамен 1,3 млрд доллар бөлінеді
Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте Qarmet компаниясының ағымдағы жұмысы мен кәсіпорынды одан әрі дамытудың өзекті мәселелері қаралды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Орталық мемлекеттік органдардың бірінші басшылары және жаңа инвестордың қатысуымен кәсіпорынның операциялық процестерін тұрақтандыру, оны қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, сондай-ақ бірқатар құқықтық рәсімдерді жүргізу шаралары талқыланды.
Одан бөлек, комбинат жабдықтарын жаңғыртуды, заманауи өндіріс технологияларын енгізуді және өнеркәсіптік қауіпсіздік стандарттарын арттыруды көздейтін инвестициялық бағдарламаны іске асыру мәселелері қаралды. Атап айтқанда, бірінші кезеңде осы мақсаттарға шамамен 1,3 млрд доллар бөлінетін болады.
Премьер-министр кәсіпорын жұмысшылары алдындағы барлық міндеттемелерді уақтылы орындау қажеттігін атап өтті. Осыған орай, ол өндірісті одан әрі серпінді дамытудың, шығарылатын өнім көлемін ұлғайтудың және анықталған экологиялық заңнама талаптарын бұзушылықтарды кезең-кезеңімен жоюдың маңыздылығын атап өтті.
Талқылау қорытындысы бойынша Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдарға ағымдағы мәселелерді шешуде кәсіпорынға қажетті қолдау көрсетуді және инвестормен бірлесіп, Qarmet-ті дамытудың әрбір бағыты бойынша нақты іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсырды.
Еске сала кетсек, бұған дейін «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның атауы ресми түрде QARMET болып өзгергенін хабарлаған болатынбыз. Сондай-ақ Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 500 млн доллардан асатын қарызын кім өтейтінін сұраған еді.