×

«АрселорМиттал» компаниясынан қалған 500 млн доллар қарызды кім өтейді?

Компанияның қазіргі атауы – QARMET

 Дәурен Ерболат 13.12.2023 | 16:05
Нұрсұлтан Назарбаев пен Лакшми Миттал, 2014 жыл

Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясы Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа депутаттық сауал жолдап, бұрынғы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның 500 млн доллардан асатын қарызын кім өтейтінін сұрады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мәжіліс депутаты Асқар Сыдықовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ға тиесілі кеніштерде болған қайғылы оқиғалардан соң кәсіпорын иесі ауысқан.

«Үкімет есебінше өткізу процесі толық аяқталды. Бұл ретте зауытты жаңа инвесторға берудің түпкілікті рәсімі аяқталмай жатып-ақ, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнының отандық кәсіпкерлер алдында 500 млн доллардан асатын қарызы бары белгілі болды. Бұл мәселе БАҚ пен әлеуметтік желілерде қызу талқыланды. «АрселорМиттал» көп жыл бойы қазақстандық мердігерлер алдындағы кредиторлық берешегін ұлғайтып, өзінің басым жағдайын пайдаланып, шын мәнінде олардың есебінен пайызсыз несиеге ие болды. Қазір көптеген мердігерді қарызды кім өтейтіні алаңдатып отыр», - деді ол.

Депутаттың айтуынша, бүгінде мердігерлер мен жеткізушілерге банкрот болу қаупі төніп тұр.

«Бұрын мердігерлер мен жеткізушілердің ақшасын бөліп қайтарып алуға сәл үміті болса, қазір олар банкрот болып, барлық қаражатынан айырыламыз деп қауіптеніп отыр.

Сондай-ақ дәл осындай жағдай 1995 жылы да болған. Кәсіпорынды сол кездегі Министрлер кабинетінің тікелей араласуымен ГАО «Кармет» бұрынғы иесі кәсіпорын Лакшми Митталға өткен кезде барлық активті, оның ішінде кредиторлық қарызды да жаңа қожайынға бергенін айқтан. Соңғысы мұны мойындамаған. Сәйкесінше, бүгінде 28 жыл бұрынғы оқиғаның қайталану қаупі бар. Бірақ бұл қомақты қарыздың артында кәсіпорынның ғана емес, олардың контрагент серіктестері мен мердігерлердің – мыңдаған отбасының тағдыры тұр», - деді ол.

«Ақ жол» фракциясы «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының отандық тауарлар мен қызметтерді жеткізушілер алдындағы кредиторлық берешегін өтеу мәселесін шешу үшін Бас прокуратура мен Үкіметке бірнеше рет ресми сауал жолдаған.

Мемлекеттік органдардың берген жауабына сәйкес, бұл бағытта жұмыс жүргізіліп жатқаны, тиісті рұқсат беру комиссиялары құрылғаны айтылған. Алайда бүгінде мәселенің шешілмегенін, оның ушыққанын көріп отырмыз.

Сондай-ақ кәсіпкерлер қарыздан бөлек, кассалық алшақтықты жабу мен салық төлеу мәселесінде де қиындыққа тап болды.

Салық органдарының айтуынша, мұндай жағдайда туындаған берешек есептен шығарылмайды немесе ол АМТ-ға аударылады.

Демек, АМТ мердігерлері зауыттың бұрынғы және қазіргі иесінен қарыздарын қайтара алмағаннан бөлек, фискалдық органдардың талаптары мен қосымша салығымен күресу мәселесіне тап болды, - деді депутат.

Асқар Сыдықов бұл мәселені премьер-министр жеке бақылауына алуы керек деп санайды.

Әлихан Асханұлы, «Ақ жол» фракциясы «Арселор Миттал Теміртау» компаниясының жеткізушілер мен мердігерлер алдындағы қарызын өтеу бойынша Үкімет қандай шаралар қабылдап жатқанын түсіндіруді сұрайды?, - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама