×

Банктер салық органдарына азаматтардың мобильді аударымдары туралы ақпаратты бере бастады

Ақпарат банктерден кезең-кезеңімен беріледі

 Динара Амантай 14.12.2023 | 11:19
Фото: Halyq Uni

2023 жылы Мемлекеттік кірістер комитетіне банктерден жеке шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәліметтер түсе бастады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Кәсіпкерлік қызметті іске асыру белгілерін айқындау өлшемшарты ретінде жеке тұлғаның үш ай қатарынан ай сайын әртүрлі тұлғалардан жеке банктік шотқа 100-ден астам аударым алуы болып есептеледі, – делінген ведомство хабарламасында.

Ақпарат банктерден кезең-кезеңімен беріледі:

1) 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары (2022 жылдың қорытындысы бойынша);

2) 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – мемлекеттік мекемелердің, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары (2023 жылдың қорытындысы бойынша);

3) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – дара кәсіпкерлер, заңды тұлғалардың басшылары және олардың жұбайлары (2024 жылдың қорытындысы бойынша);

4) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – халықтың қалған бөлігі (2025 жылдың қорытындысы бойынша).

Бүгінде ақпарат тек мемлекеттік қызметкерлер, оларға теңестірілген адамдар және олардың жұбайлары бойынша алынды.

Бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді және олар жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталғанына назар аударамыз, – делінген хабарламада.

Бұл ретте жеке тұлғалар өздерінің жеке мақсаттары үшін мобильді аударымдар жасай және қабылдай алады (туыстарына, достарына аударымдар, ата-аналар мен балаларға көмек, сондай-ақ басқа да өмірлік жағдайлар бойынша).

Серіктес жаңалықтары

Сараптама