Астанада кәсіпқой бокс кеші өтеді
Жеңімпазға 10 мың доллар беріледі
Астанада 15 желтоқсанда Халықаралық бокс федерациясының ұйымдастыруымен кәсіпқой бокстан «Чемпиондар кеші» өтеді. Кеште 8 жекпе-жек болады. Оған ұлттық құраманың үздіктері қатысады.
51 келіде әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай, 57 келі салмақта тағы бір әлем чемпионы Махмұд Сабырхан шаршы алаңға шығады. Орта салмақта Ертуған Зейнуллинов, Дулат Бекбауов пен ұлттық құрама командасының капитаны Асланбек Шымбергенов қолғап түйістіреді.
Сонымен бірге Бекзат Нұрдәулетов пен Нұрбек Оралбай жұдырықтасады. Олардың қарсыластары да мықты. Бұл жекпе-жекке құрлықтық және әлемдік додаларда топ жарып жүрген боксшылар таңдалған. Мәселен, Бекзат Нұрдәулетов ресейлік Никита Зоньмен күш сынасады.
Жекпе-жек тізіміне Данияр Елеусінов те қосылған. Әзірше оның қарсыласы белгісіз. Жекпе-жектер 3 минуттан тұратын 6 раундқа созылады.
Жеңімпаз 10 мың доллар алады. Ал жеңілген боксшыға 5 мың доллар беріледі.
Бұған дейін кәсіпқой бокстан турнир ұйымдастыру туралы мәселені боксшы Қанат Ислам көтерген еді. Ол президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан бокс кештерін өткізуге көмек сұраған болатын.
Спортшы Instagram-дағы парақшасына жариялаған видеосында елімізде соңғы 3 жылдан бері кәсіпқой бокстан бірде-бір жекпе-жек болмағанын, сол себепті мемлекет басшысынан бокс кешін ұйымдастыруға көмек сұрайтынын айтты. Ал 15 желтоқсанда Астанада болатын бокс кешіне Қанат Исламның қатысы жоқ. Ол кешті Халықаралық бокс федерациясы өткізеді.