×

Мемлекет басшысы Дүниежүзілік климаттық саммитке қатысады

Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы аясында өтетін жиында сөз сөйлейді

 Дастан Жұмабекұлы 01.12.2023 | 13:16
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Климаттың өзгеруі жөніндегі БҰҰ конференциясы аясында Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласына Дүниежүзілік климаттық саммитіне қатысу үшін барды.

Президентті БАӘ президенті Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян мен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Dubai Expo City көрме орталығында қарсы алды.

Саммит аясында Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық отырыста сөз сөйлеп, мемлекеттер және бизнес құрылымдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткізеді. Осының алдында мемлекет басшысы Сауд Арабиясының тақ мұрагеріне құттықтау жеделхатын жолдады.

Қазақстан президенті Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудты және барша сауд халқын EXPO-2030 халықаралық көрмесін Рияд қаласында өткізуге қатысты сайлаудағы айқын жеңісімен құттықтады.

Еліңіздің айтулы шараны өткізуші ретінде таңдалуы Корольдіктің жаһандық деңгейдегі мәртебесін, сондай-ақ саудтықтардың қажырлы ұмтылысы мен мемлекет басшылығының жігерлі табандылығын тағы да дәлелдейді. Шығанақ өңіріндегі Қазақстанның басты серіктестерінің бірі Сауд Арабиясымен тығыз ынтымақтастығымыздың жылдан-жылға нығайып келе жатқанын зор ризашылықпен атап өтемін. Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында әлеуеті жоғары қарым-қатынастарымызды халықтарымыздың игілігі үшін одан әрі дамыта түсетінімізге кәміл сенімдімін, – деп жазылған жеделхатта.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының тақ мұрагері, премьер-министрі ханзада Мұхаммед бен Салман Әл Саудтың аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал сауд халқына құт-береке тіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама