Футболдан ұлттық құрама FIFA рейтингінде 100 елдің қатарында тұр

Дастан Жұмабекұлы

Әйелдер командасы 99-орынға орналасты

Фото: Никита Басов

Футболдан Қазақстан ұлттық құрама командасының қараша айындағы FIFA рейтингіндегі орны белгілі болды. Ұлттық құрама Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі соңғы екі ойынның нәтижесі бойынша, яғни Сан-Мариноны 3:1 есебімен жеңіп, Словениядан 1:2 есебімен жеңілгеннен кейін екі орынға төмен түсті. Сөйтіп, 100-орынға орналасты. Ал әйелдер құрамасы 99-орынға жайғасты.

Әлемдік рейтингті Аргентина құрамасы бастап келеді. Одан кейін Франция мен Англия алғашқы үштікте тұр.

ТОП-10 елдің қатарында Бельгия, Бразилия, Нидерланд, Португалия, Испания, Италия, Хорватия бар.

Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы қарсыласы Грекия 47-орында тұрса, Грузия 77-ші, Люксембург 87-орынға шыққан.

Еске сала кетсек, Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионаты іріктеу турниріне бесінші рет қатысты. 2008, 2012 жылдары – 6, 2016, 2020 жылдары 5 орын алды.

Бүгінде 2024 жылғы құрлықтық доданың финалдық сатысына Франция, Португалия, Бельгия, Испания, Шотландия, Түркия, Англия, Аустрия, Венгрия, Словакия, Албания, Дания, Нидерланд, Швейцария, Румыния, Сербия құрамалары шығып отыр.