«Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа»: Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабы жарыққа шықты

Халық үні

Бұл туралы ҚР тұңғыш президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай хабарлады

Фото: twitter.com/Aidos_Ukibay/

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Менің өмірім. Бодандықтан – бостандыққа» атты естелік кітабы сатылымға шықты.

Бұл кітапта Нұрсұлтан Назарбаев өзінің өмір жолымен қатар, еліміздің қалыптасуы және даму кезеңдері туралы естеліктерімен бөліскен. Аса маңызды саяси оқиғалар, ауқымды экономикалық жаңғырулар, күрделі халықаралық  келіссөздер, ел басқарған кезде қабылдаған стратегиялық шешімдер туралы баяндаған.

Айта кетейік, 1 желтоқсан – Қазақстанның тұңғыш президенті күні ретінде мереке күндері тізімінде қалды. Үкімет «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулығы өзгеріс енгізді. Жаңа тізімде 19 мерекелік күн бар. Ішінде 1 желтоқсан – Қазақстанның тұңғыш президенті күні деп көрсетілген.

2019 жылдың 19 наурызында сағат 19:00-де Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, президенттіктен кететінін жариялады.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде «Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілетімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес» деді.

Назарбаев сайлау өткенге дейін уақытша президент қызметін сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты.

2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, сол сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

Осы сайлаудан кейін көпшілік арасында «Қазақстанда қос билік бар» деген әңгіме тарады. Яғни, қоғамда Назарбаев президенттіктен кеткенімен, билікті тұтастай Тоқаевқа бермегенін, жаңа президентке барлық өкілеттілікті тапсырмағаны жиі айтыла бастады. Ол кезде Назарбаев Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы, Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы, Nur Otan партиясының төрағасы секілді бірнеше ықпалды лауазым атқарды.

2021 жылдың 23 қарашасында Nur Otan партиясының саяси кеңесі отырысында Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын айтты.

ҚР тұңғыш президентінің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай Нұрсұлтан Назарбаевтың Nur Otan партиясының төрағасы өкілеттігін Президентке тапсыру туралы шешімін түсіндірді.

«Бүгінгі шешім – билік транзитінің қисынды жалғасы ғана. Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, әсіресе қазіргі пандемиядан болып отырған жаһандық дағдарыс кезінде Nur Otan партиясы Қазақстан Президенті үшін басты тірек болуы керек. Жарғыға сәйкес, «Nur Otan» партиясының төрағасын сайлау мен оны лауазымынан босату партия съезінің ерекше құзыретіне жатады. Оған дейін Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағасының қызметінде болады», - делінген Айдос Үкібайдың пікірінде.

2022 жылдың 28 қаңтарында Nur Otan партиясының кезектен тыс XXI съезінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев партия төрағасы болып сайланды.

2022 жылдың 6 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болғанын мәлімдеді. Бұл шешім Қазақстандағы қайғылы оқиға Қаңтар оқиғасынан кейін болды.

2022 жылдың 27 қаңтарында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ға өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою мақұлданды.

2022 жылдың 7 ақпанында Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығын жоятын құжатқа қол қойды. Бұдан былай ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы тұлғаға қарай емес, қызметіне қарай Президентке тиесілі болатын болды.

2023 жылдың 12 қаңтарында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті сенатор» атағынан айырылды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

2022 жылдың маусымында Қазақстанда республикалық жалпыұлттық референдум өтті. Референдумнан кейін Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде халық Елбасы туралы баптарды алып тастау туралы ұсынысты қолдады. Референдумнан кейін 2012 жылдан бері тойланып келе жатқан 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні алынып тасталды.

2023 жылдың 15 ақпанында Мемлекет басшысы «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңға қол қойды.