×

Тұңғыш президент күні мерекелер қатарында қалды

Үкімет мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы қаулығы өзгеріс енгізді

 Халық үні 02.08.2023 | 12:10
Нұрсұлтан Назарбаев

1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні ретінде мереке күндері тізімінде қалды. Үкімет «Қазақстан Республикасындағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» қаулығы өзгеріс енгізді. Жаңа тізімде 19 мерекелік күн бар. Ішінде 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күні деп көрсетілген, деп хабарлайды Halyq Uni.

Сондай-ақ тізімде 15 ақпан – Ауған демократиялық республикасынан Кеңес әскерлерінің шеутеулі контингентінің шығарылған күні, 1 наурыз – Алғыс айту күні де бар. Елімізде енді Аналар күні мамырдың екінші жексенбісінде мерекеленеді. Ал әкелер күні – маусымның үшінші жексенбісі деп бекітілді.

Абай күні – 10 тамыз, спорт күні – тамыздың үшінші жексенбісі. Отбасы күні ретінде қыркүйектің екінші жексенбісі бекітілді. Қыркүйектің соңғы жексенбісін Еңбек күні деп бекітті.

1 қазан – Қарттар күні болса, 16 қазан – нан күні. 11 қараша – Энергия үнемдеу күні болды.

Айта кетейік, 2019 жылдың 19 наурызында сағат 19:00-де Қазақстанды 30 жылға жуық уақыт басқарған Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдеме жасап, президенттіктен кететінін жариялады.

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде «Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер. Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын. Бірақ бүгінгі үндеудің маңызы зор. Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілетімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – оңай шешім емес» деді.

Назарбаев сайлау өткенге дейін уақытша президент қызметін сол кездегі Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев атқаратынын айтты. 2019 жылдың 9 маусымында Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп, сол сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев көпшілік дауыспен жеңіске жетті.

2021 жылдың 23 қарашасында Nur Otan партиясының саяси кеңесі отырысында Нұрсұлтан Назарбаев партия төрағалығын қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын айтты.

2022 жылдың 6 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болғанын мәлімдеді. Бұл шешім Қазақстандағы қайғылы оқиға Қаңтар оқиғасынан кейін болды.

2022 жылдың 27 қаңтарында Сенат мемлекеттік бастамаларды Елбасымен келісу қажеттілігін жоюды ұсынды. Сондай-ақ Қауіпсіздік кеңесі мен ҚХА-ға өмір бойы төрағалық ету құқығының күшін жою мақұлданды.

2022 жылдың 7 ақпанында Қасым-Жомарт Тоқаев тұңғыш президенттің Қауіпсіздік кеңесі мен Қазақстан халқы ассамблеясына өмір бойы төрағалық ету құқығын жоятын құжатқа қол қойды. Бұдан былай ҚХА мен Қауіпсіздік кеңесінің төрағалығы тұлғаға қарай емес, қызметіне қарай Президентке тиесілі болатын болды.

2023 жылдың 12 қаңтарында Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Құрметті сенатор» атағынан айырылды. Бұл туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев айтты.

2022 жылдың маусымында Қазақстанда республикалық жалпыұлттық референдум өтті. Референдумнан кейін Конституцияның үштен бір бөлігіне өзгерістер енгізілді. Оның ішінде халық Елбасы туралы баптарды алып тастау туралы ұсынысты қолдады. Референдумнан кейін 2012 жылдан бері тойланып келе жатқан 1 желтоқсан – Тұңғыш президент күні алынып тасталды.

2023 жылдың 15 ақпанында Мемлекет басшысы «Тұңғыш президент – Елбасы туралы» Конституциялық заңның күшi жойылды деп тану туралы» Конституциялық заңға қол қойды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама