×

Мемлекеттік сатып алуда 67 млрд теңге үнемделді – Антикор

4,5 млн теңге болатын бір киіз үйді 13 млн теңгеге сатып алғысы келген

 Дастан Жұмабекұлы 29.11.2023 | 16:54
Фото: Halyq Uni

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет соңғы екі жылда мемлекеттік сатып алу саласында 67 млрд теңгенің үнемделгенін хабарлады. Антикордың мәліметіне қарағанда, 2022 жылы 29 млрд теңгенің, 2023 жылдың 10 айында 38,4 млрд теңгенің тиімсіз жұмсалуына мүмкіндік берілмеген.

Антикор «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірігіп, «Бірыңғай сатып алу терезесі» ақпараттық жүйесі арқылы бағаны көтеру тұрғысынан сатып алу мониторингін жүргізді.

Соның нәтижесінде кеңсе тауарларын, ЖЖМ, компьютерлік техника мен тамақ өнімдерін сатып алу кезінде асыра сілтеу анықталды, – делінген хабарламада.

Көп жағдайда заң бұзушылықпен әкім аппараттары, білім беру және денсаулық сақтау ұйымдары айналысқан. Бүгінде мемлекеттік сатып алу процесіне 18 мыңнан астам тапсырыс беруші және 80 мыңға жуық өнім беруші тартылған. Ең көп таралған қылмыстық схемалардың бірі – нақты жеткізушілердің мүдделерін қолдау, техникалық сипаттаманы қалыптастыру, сондай-ақ жалған актілерге қол қою.

Мысалы, Жетісу облысының спорт басқармасы нақты құны 4,5 млн теңге болатын бір киіз үйді 13 млн теңгеге сатып алғысы келген. Сонымен қатар Жетісу облысының «Сарқан ауданы әкімінің аудандық мәдениет үйі» МКҚК нақты орташа нарықтық құны 250-300 мың теңге болатын бір кондиционерді 1,5 млн теңгеге сатып алуды жоспарлаған. Агенттік қаражатты қайтарды.

Сондай-ақ агенттік 14,8 млн теңге бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына жол бермеді. Мәселен, Қостанай облысының аудандық білім бөлімі литріне 580 теңгеден 43 мың литр жазғы дизель отынын сатып алуды жоспарлаған. Ал сол кездегі орташа бағасы литріне 250 теңгеден кем болған. Бұл дизель отыны облыс аудандарындағы мектептер мен балабақшалардың қажеттіліктеріне арналған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Астана қаласы әкімдігінің де қалалық аурухана үшін 16 портативті медициналық шамды 3,3 млн теңгеге сатып алуына кедергі келтірді. Оның орташа нарықтық құны 600 мың теңгеден аспайды. Осылайша, 44 млн теңгенің тиімсіз жұмсалуына жол берілмеді.

Өткен жылы бюджет шығыстарының жалпы сомасындағы мемлекеттік сатып алу үлесі 26% болды. Бұл – еліміздің ЖІӨ құрылымындағы 4,6%.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру мақсатында мемлекеттік сатып алу саласындағы заңнаманы жетілдіру бойынша шаралар ұсынылды. Мәселен, «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа Заңға жемқорлыққа қарсы шараларды күшейту бойынша бірқатар ұсыныс енгізілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама