Шымкентте 3 мыңнан астам бала қызылшамен ауырып жатыр

Дастан Жұмабекұлы

Қалаға қосымша 34 050 вакцина партиясы жеткізілген

Фото: facebook.com/MinzdravRK

Елімізде қызылша жұқтырған 30 бала жансақтау бөліміне түсті. Бұл ауру, әсіресе, Шымкент қаласында өршіп тұр. Қалада жыл басынан бері қызылшамен 3 мыңнан астам бала ауырған. Нақтырақ айтсақ, 3016 бала емделіп жатыр, деп хабарлады Almaty.tv.

Шымкент қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетованың айтуынша, ауырып жатқан балалардың 48 пайызы – екпеден бас тартқандар, 15 пайызы – егу жасына жетпегендер. Сондай-ақ 16 пайызының екпе алған-алмағаны белгісіз және медициналық шегеріммен егуді ала алмағандар бар.

Шымкентке қосымша 34 050 вакцина партиясы жеткізілген. Ол 6 айдан 11 айға дейінгі және 2 жастан 5 жасқа дейінгі балаларға, медицина қызметкерлері мен профилактикалық егуді өткізіп алған 18 жасқа дейінгі тұрғындарға салынады.

Еске сала кетсек, дүйсенбіде премьер-министр Әлихан Смайылов елімізде қызылшаның өршуіне байланысты Денсаулық сақтау министрлігіне тапсырма берген еді. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуынша, жағдай өте қиын. Себебі коронавирус пандемиясы кезінде балаларға екпе салынбаған. Оның айтуынша, ауруға шалдыққандардың 82 пайыздан астамы – балалар. Қызылша ауруы барлық өңірде тіркелді. Шымкент қаласында 3 мыңнан аса, Алматы қаласы мен Жамбыл облысында 2 мыңнан аса, Алматы, Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстарында 1 мыңнан аса бала ауырып жатыр.