Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді – Бас прокурор
Экс-министр Қуандық Бишімбаев әйелін өлтірді деген күдікке ілінді
Астанадағы Салтанат Нүкенованың өлімі қоғамды дүр сілкіндірді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Биыл отбасылық-тұрмыстық құқықбұзушылықтар үшін қамауға алу мерзімі ұзарды. Қос тарапқа қайта татуласуға тыйым салынды. Полицияның тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының шағымдарына ден қою жөніндегі жұмысы қайта қаралды. Нәтижесінде, биыл үшінші тоқсанда әкімшілік жауапкершілікке тартылған отбасының берекесін қашыратындардың саны 7 мыңнан 27 мыңға дейін өсті. Жыл басынан бері кісі өлтіргені және ауыр жарақат салғаны үшін 30 адам ұзақ жылға сотталды, - деді Берік Асылов Бас прокуратурада өткен жиында.
Оның пікірінше, тек жазалау әдістерімен мәселені шешу мүмкін емес. Мұнда қоғам мен әрбір азаматтың белсенді қолдауы қажет. Сондай-ақ бас прокурор Салтанат Нүкенованың өлімін жеке атап өтті.
Әйелдер мен балаларға қарсы жасалатын қылмыс қоғамды алаңдатып отыр. Жақында Астанадағы Салтанат Нүкенованың өлімі интернет кеңістікті дүр сілкінтті. Мәселеге бейжай қарамайтын шамамен 150 мың қазақстандық отбасындағы зорлық-зомбылық қылмыстары үшін жазаны күшейту туралы петицияға қол қойды, - деді ол.
Еске салайық, қайғылы оқиға 9 қарашада болған. Оған Астана қаласының полициясы түсінік берген.
Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев күдікті деп танылып, 2 айға қамауға алынды.
Сондай-ақ ІІМ экс-министрдің ұсталғанын растады.
Сонымен қатар Салтанат Нүкенованың туыстары мәлімдеме жасап, куәгерлерді іздейтінін айтқан.
Өткен аптада Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі қалай тергеліп жатқанын айтқан еді.