Жемқорлыққа қарсы күресте блокчейн технологиясының рөлі – сарапшы

Халық үні

Сарапшының ойынша, елімізде блокчейннің көмегімен жалған құжатты анықтауды тәжірибиеге енгізу қажет

Исламбек Салжанов, фото: AuditoriumQZ

Блокчейн технологиясы арқылы 5-10 жыл ішінде Қазақстандағы жемқорлықты жоюға болады. Бұл туралы Қазақстан блокчейн-технологиялар қауымдастығының басшысы Исламбек Салжанов AuditoriumQZ youtube-арнасында Досым Сәтпаевқа берген сұқбатында айтты.

«Шын мәнінде блокчейн ең ашық технологияларды әзірлейді. 2009 жылы блокчейнмен бірінші транзакция жасалғаннан бері, соңғы 13-14 жылдағы барлық транзакцияларды – кімнің кімге сатқанын көруге болады. Сондықтан, шын мәнінде, бұл кез-келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы технология», - деді қауымдастық басшысы. 

Оның айтуынша, бұл технологияны мемлекеттік тізімге қатысты да қолдануға болады. Мәселен, жер немесе балабақша кезегіне енгізілсе, барынша ашықтықты қамтамасыз етуге болады.  

«Жақын 5-10 жылда барлық мемлекеттік органдарда пайдалана алсақ, бүкіл ел бойынша жемқорлық жойылып кетер еді. Қазір әлемде бұл технологияны пайдаланып жатқан елдер бар. Мәселен, Швейцария, Грузия. Дубайда жер тізімі бойынша пайдаланылады. Бұл технологияны қазірдің өзінде көптеген елдер қолданып жатыр», - деп толықтырды ол. 

Қауымдастық басшысының ойынша, елімізде блокчейннің көмегімен жалған құжатты анықтауды тәжірибиеге енгізу қажет. 

«Қазақстанда жалған диплом мәселесі барын білесіздер. Жұмысқа қабылданған кезде оларды тексеру мүмкін емес. Бұл технология бәрін тексеруге мүмкіндік береді. Менің ойымша, оны мемлекеттік басқаруға тезірек енгізу керек. Барлық салада білім беру, денсаулық сақтау, логистика салаларында қолдануға болады. Мәселен, қаншама жалған немесе Сіз қанша жалған тауарлар, сапасыз өнім кездеседі. Блокчейннің көмегімен шаруаның сөресінен бастап тұтынушыға дейін жеткізу тізбегін қадағалауға болады», - деп қорытындылады Исламбек Салжанов.