×

Газа секторынан Ресей азаматтары шыға алмады

РФ Сыртқы істер министрлігіне 1 мыңнан астам адам соғыс аймағынан алып кетуге өтініш берген

 Дастан Жұмабекұлы 15.11.2023 | 15:24
Фото: kommersant.ru

Бүгін Ресейдің азаматтары Газа секторынан тағы шыға алмады. Олар «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Мысыр еліне бара алмаған. Бұл туралы РФ-ның Израильдегі төтенше және өкілетті елшісі Анатолий Викторов айтты.

Оның айтуынша, Газадан Ресейдің ғана емес, басқа да көптеген мемлекеттің азаматтары шыға алмай жатыр. Соның кесірінен «Рафах» бақылау-өткізу пунктіне жақын жерде халық шамадан тыс көбейіп кеткен. Осы бекет арқылы 12 қарашада 70 ресейлік өткен. Ал бүгін түнде 98 адам Газадан кетіп, Мәскеуге келген. Басқа азаматтар, өкінішке қарай, соғыс аймағынан шыға алмай отыр.

РФ Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарованың айтуынша, қазір ведомствоға 1 мыңнан астам адам Газадан алып кетуге өтініш берген. Олардың арасында 300-ден астам кәмелетке толмаған бала мен басқа елдің азаматтары бар.

Бүгін Қазақстан азаматтары эвакуацияның бірінші кезеңі аясында «Рафах» бақылау-өткізу пункті арқылы Газа секторынан Мысыр аумағына барды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Газадан Қазақстанның 92 азаматы мен олардың отбасы мүшелері шыққан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама