Депутаттар қазақ жылқысының жойылып кетпеуін көздейтін заң жобасын қарауға кірісті

Дәурен Ерболат

Құжатта қазақ жылқысының популяциясын көбейту көзделген

Фото: JORYQ федерациясы

Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар қазақ жылқысының тұқымын сақтауды көздейтін заң жобасын қарауға кірісті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Отырыста «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне спорттық бағыттағы жылқылардың қазақы тұқымын сақтау және өсімін молайту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Серік Егізбаев аталған заң жобасы депутаттардың заң шығару бастамасы тәртібімен әзірлегенін атап өтті.

Құжаттағы өзгерістер спорт бағытындағы жылқы шаруашылығына мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуді көздейді. Спорт бағытындағы қазақ жылқыларының қазақы тұқымын сақтау және оның еліміздегі популяциясын өсіру үшін жағдай жасауға, ұлттық ат спорты түрлерін дамытуды, қазақ халқының мәдениетін, дәстүрі мен өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Комитет аталған заң жобасын қарап, ол бойынша қорытынды әзірлеуге дайын, - деді депутат.

Дауыс беру нәтижесінде Мәжіліс депутатары заң жобасын қарауға кірісті.

Еске салайық, Ұлттық спорт қауымдастығының вице-президенті Тастанбек Есентаев әлемдік стандартпен сертификатталған қазақтың жалғыз төл тұқымы – Қостанай жылқысы жойылып кету алдында тұрғанын айтты. Қазір ат зауытында небәрі 47 жылқы қалған. Елімізде шошқаның бір басына 8 млн теңге бөлінсе, Қостанай жылқысына қаражат қарастырылмаған. 2014 жылдан бастап мемлекеттен қаржылық қолдау алынып тасталған.