Бүгін асық атудан «Жыл үздігі-2023» атағының иегері анықталады
Осы күндері Астанада ұлттық ойынымыздан Гран-При «Азия асығы» халықаралық турнирі болып жатыр
Бүгін Астанада асық атудан «Жыл үздігі-2023» атағының иегері анықталады.
Ұлттық спортымызды ұлықтап жүрген асықшыларды марапаттау рәсімін Асық ату федерациясы ұйымдастырады. Салтанатты іс-шара Rixos President қонақ үйінде болады.
Іс-шараға Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Ербол Мырзабосынов, Астана қаласы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Исламбек Салжанов, Асық ату федерациясының президенті Аслан Сұлтанов пен басқа да ұлттық ойынымызды дамытудың басы-қасында жүрген азаматтар қатысып, жүзден жүйрік шыққан үздіктерге жүлделерін табыс етеді, – деді Асық ату федерациясы баспасөз қызметінің жетекшісі Мұсағали Тасқалиев.
Қазір Астана қаласындағы «Аспан» спорт кешенінде Асық ату спортынан Гран-При «Азия асығы» халықаралық турнирі болып жатыр. Еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған турнирге Пәкістан, Үндістан, Қытай, Моңғолия, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан құрамалары өзара қатысуда. Жарыс жекелей сында өтетін болғандықтан нағыз үздіктер бас қосып, ерлер мен әйелдер арасында кім мықтыны анықтайды.