×

«Екі жас жігіт көз жұмды»: Алматы облысында қайғылы жағдай болды

20 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кеткен

 Халық үні 13.11.2023 | 23:21
фото: inform.kz

Алматы облысы Жамбыл ауданында болған жол апатынан екі адам қаза тауып, тағы екеуі ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желіде жол апатына ұшыраған көлік «Саяхатшы Диас» деген атпен танымал блогер әрі тиктокерге тиесілі деген ақпарат пайда болды.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, 12 қараша күні Ұзынағаш-Күрті тасжолында Mercedes көлігінің 20 жастағы жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, Toyota мәшинесімен бетпе-бет соқтығысқан.

Салдарынан Mercedes көлігінің 2002 және 2003 жылы туған екі жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Жүргізуші мен 15 жастағы жолаушы түрлі дене жарақатымен Жамбыл аудандық ауруханасына жатқызылды.

Аталған дерек аудандық полицияда ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша тіркеліп, жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын объективті тексеріліп жатыр. Бүкіл қажет тергеу жүріп жатыр, - деп хабарлады полициядан.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама