Halyq Uni логотип
×

Бақтияр Зайнутдинов алдағы матчтарға қатыса ма – бас бапкердің жауабы (ВИДЕО)

Футболшыны жарақаттаған Жером Опуку барлық жанкүйерден кешірім сұрады

 Дастан Жұмабекұлы 13.11.2023 | 14:40
Бақтияр Зайнутдинов алдағы матчтарға қатыса ма – бас бапкердің жауабы (ВИДЕО)
Видеодан скриншот

Футболдан Қазақстан құрамасы мен Түркияның «Бешикташ» клубының жартылай қорғаушысы Бақтияр Зайнутдинов ұлттық құраманың 2024 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы 17 қарашада Сан-Марино мен 21 қарашада Словения командасымен болатын матчтарына қатыспайды. Бұл туралы ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Магомед Адиев айтты.

Бақтияр Қазақстан құрамасы сапында алдағы матчтарда ойнамайды. Оның қай кезде емделіп шығатынын, расы керек, білмейді екенмін. Дәрігерлер қашан емделіп шығатынын айтқан жоқ, – деді ол.

Еске сала кетсек, бүгін «Бешикташ» клубы жартылай қорғаушы Бақтияр Зайнутдиновқа Түркия чемпионатында «Ыстанбұл Башакшехир» командасымен матчта алған жарақатынан кейін ота жасалғанын хабарлады.

Бақтияр Зайнутдинов матчтың 37-минутында жарақат алған соң, мұрнына операция жасалды. Оның мұрын сүйегі мен аңғалағының негізі сынғаны анықталды. Зайнутдиновтың мұрнына ота жасалып, таңғыш қалақ салынды, – делінген хабарламада.

Бұған дейін Қазақстан футбол федерациясы Зайнутдиновтың жарақатына байланысты мәлімдеме жасап, оның  ұлттық құраманың алдағы матчтарында алаңға шықпауы мүмкін екенін айтқан болатын.

Ал Бақтияр Зайнутдиновтың мұрнын сындырған «Ыстанбұл Башакшехир» командасының ойыншысы Жером Опуку барлық жанкүйерден ойын кезінде Қазақстан футболшысын жарақаттағаны үшін кешірім сұрады.

Мен осы оқиғадан кейін нәсілшіл мағынадағы көп сөздер естідім. Маған көп комментарий келді. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Мен оны әдейі жарақаттаған жоқпын. Кешірші мені, бауырым! Сенің тез жазылып кетуіңе тілектеспін! – деді ол.

Енді Қазақстан құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу турниріндегі соңғы екі ойынын Бақтияр Зайнутдиновсыз өткізеді. Ұлттық құрама 17 қарашада Астанада Сан-Мариномен, 21 қарашада сырт алаңда Словения командасына қарсы ойнайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама