×

Алматы облысында жоғалған азаматтар табылды

Ер адамдар Нарынқол ауылынан 80 шақырым жерде Жарбұлақ учаскесінде болған

 Дастан Жұмабекұлы 09.11.2023 | 12:16
Фото: gov.kz/Төтенше жағдайлар министрлігі

Алматы облысында екі күннен бері төтенше жағдайлар департаменті іздеген 2 азамат табылды.

Төтенше жағдайлар департаментіне олардың жоғалғаны туралы хабарлама 7 қарашада сағат 16:30-да түскен. Осы кезде Алматы облысы төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне ұялы нөмірден ер адамнан өзінің 1987 жылы туған ұлы мен 1961 жылы туған досы екеуі бірге таңертең «Мицубици Монтеро» автокөлігімен Алматы облысы Райымбек ауданы Сарыжаз ауылына қарай кетіп қалғаны және сағат 12:30-дан бастап байланысқа шықпағаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына дереу Алматы облысы ТЖД қызметкерлері жіберілді. Бұл жерден Нарынқол ауылына дейінгі қашықтық – 60 шақырым. Төтенше жағдайлар департаменті мамандарының Сарыжаз ауылына барғанда жоғалған адамдардың орналасқан жерінде ұялы байланыс болмағаны белгілі болды. Әкесінің телефонына шұғыл көмек туралы хабарлама келген.

Іздеу жұмыстары нәтижесінде сағат 22:30-да жоғалған азаматтар Нарынқол ауылынан 80 шақырым жердегі Жарбұлақ учаскесінен табылды. Медициналық көмек қажет болмады.

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы облысы ТЖД-ның 12 қызметкері мен 3 техникасы, 1 кинологиялық есеп және пилотсыз ұшу аппараты жұмылдырылды. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдардың 2 маманы мен шекара қызметінің 2 қызметкері қатысты.

Алматы облысының ТЖД азаматтарды жоспарланған маршруты туралы хабарлауға және қажетті қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама