АҚШ Таяу Шығысқа ядролық сүңгуір қайығын жеткізді

Еркеғали Болатұлы

Қосымша 300 әскер жіберетінін де мәлімдеді

фото: euronews

5 қарашада «Огайо» класындағы сүңгуір қайық Таяу Шығыстағы АҚШ Орталық әскери қолбасшылығының жедел жауапты аймағына жетті.

Бұл туралы АҚШ-тың Орталық әскери қолбасшылығы X әлеуметтік желісінде хабарлады.

Еске сала кетсек, жақында Пентагон Таяу Шығысқа қосымша 300 әскер жіберетінін мәлімдеген болатын. Сонымен қатар аймаққа «Дуайт Эйзенхауэр» әуетасымалдағышы бастаған соққы беретін топ келді. Оның құрамына флагман әуетасымалдаушы, басқарылатын ракеталық крейсер, эсминецтер және 9 авиациялық эскадрилья кірді.

«Огайо» класындағы сүңгуір қайық – америкалық стратегиялық атомдық суасты қайықтарының үшінші буын сериясы. «Огайо» класындағы қайықтар АҚШ-тың стратегиялық шабуылдаушы ядролық күштерінің негізі болып саналады.