Шымкентте кортеж қатысушылары көлік жүргізу құқығынан айырылды

Динара Амантай

3 жүргізушіге хаттама толтырылды

Фото: polisia.kz

Шымкентте кортеж қатысушылары жол ережесін өрескел бұзғаны үшін көлік жүргізу құқығынан айырылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

ПД жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына мегаполис көшелерінің бірінде болған жол ережелерін бұзған кортеж қатысушылары түсіп қалған. Автожолдағы жастардың қауіпті көңіл көтеруін ЖБО инспекторларының нұсқауымен барған патрульдік полицейлер тоқтатты.

Қарсы жолаққа шыққаны үшін 18 және 19 жастағы үш жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Осылайша, автожолдағы мақтангершіліктің соңы олар үшін 6 айға көлік басқару құқығынан айырылумен аяқталды, – делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері жолдағы қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін жол ережелерін қатаң сақтауды ескертті.