×

ҚПЛ-2024: келесі маусымға қатысатын клубтар белгілі болды

Бірінші лигадан «Елімай», «Тұран» мен «Жеңіс» келді

 Дастан Жұмабекұлы 02.11.2023 | 10:02
Фото: Instagram/fc__ordabasy

Футболдан 2024 жылы Қазақстан премьер лигасына қатысатын командалар белгілі болды. Биыл ҚПЛ-да ойнаған клубтарға бірінші лигада алғашқы үш орынды алған клубтар қосылды.

Сонымен мына командалар Қазақстан премьер лигасының келесі маусымында ойнайтын болады:

1. «Ордабасы» (Шымкент);

2. «Астана»;

3. «Ақтөбе»;

4. Қайрат» (Алматы);

5. «Қызылжар» (Петропавл);

6. «Қайсар» (Қызылорда);

7. «Атырау»;

8. «Тобыл» (Қостанай);

9. «Мақтаарал» (Түркістан облысы);

10. «Шахтер» (Қарағанды);

11. «Жетісу» (Талдықорған);

12. «Елімай» (Семей);

13. «Тұран» (Түркістан);

14. «Жеңіс» (Астана)

Осы маусымның соңында «Оқжетпес» (Көкшетау), «Каспий» (Ақтау) мен «Ақсу» (Павлодар) ҚПЛ-да соңғы үш орынды алып, бірінші лигаға түсіп қалды. Бірінші лигадан «Елімай» (Семей), «Тұран» (Түркістан) мен Астананың «Жеңіс» клубы келді. Түркістанның командасы ҚПЛ-ға бір жылдан кейін қайтып шықты.

«Жеңіс» «Астана» деген атпен соңғы рет жоғарғы лигада 2008 жылы ойнады. Бұл клубтың аты бірнеше рет өзгерді. 2006 жылы «Астана» болып өзгеріп, 2009 жылы «Локомотив» болып құрылды. 2010 жылы «Локомотив» жылдың соңында атын «Астана» болып өзгертті. Ал бұрынғы «Жеңіс» 2009 жылы бірінші лигада «Намыс» деген атпен ойнап, 2010 жылы оның аты «Астана» болып өзгерді.  Сөйтіп, бірінші лигадағы «Астана», яғни «Жеңіс» клубының жалғасы болып есептелетін клуб бір қалада екі «Астана» командасы деп наразылық білдірді. Одан кейін бірінші лигадағы «Астана» атын «Астана-1964» клубы деп өзгертті.  Ал «Локомотивтің» орнына құрылған «Астана» жоғарғы лигада ойнады.

Бірінші лигадағы «Астана-1964» командасы 1964 жылы Целиноградта құрылған. Сол кезде «Динамо» клубы құрылды. Ол команда 1975 жылдан бастап «Целинник» болып аталды. 1994-1995 жылдары «Цесна» болды. 1996 жылы қайтадан «Целлиник» болып атын өзгертті. 1997 жылы жылдың ортасында «Астана» болып құрылды. 1999 жылы «Жеңіс» командасы болып жасыл алаңға шықты.

Команда кезінде КСРО-ның екінші лигасында ойнаған. Қазақ КСР кубогын 1968 және 1986 жылдары жеңіп алған. 1973 пен 1985 жылдары Қазақ КСР кубогының финалисі болған.

Бұл клубта 1955 – 1960 жылдары Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі төралқасының төрағасы, 1960 – 1961 жылдары Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің төрағасы болған мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшеневтің немере інісі, Ақмола облысының Астрахан ауданының тумасы Сәлім Ташенев ойнаған. Ол 1980 – 1996 жылдары «Целинник» командасында доп тепкен. Көзкөргендердің айтуынша, ол клубтың аңызы еді.

2014 жылы «Астана-1964» деп аталған клуб таратылды. Клуб 2021 жылы қайта жанданды. «Жеңіс» –  Қазақстанның үш дүркін чемпионы.

2003 жылы «Жеңісте» Қазақстан ұлттық құрама клмандасының бас жаттықтырушысы Магомед Адиев ойнаған.

Семейлік клуб ҚПЛ-да соңғы рет 2014 жылы «Спартак» деген атпен ойнаған (2015 жылы жабылған). Қазіргі «Елімай» заңды түрде 1990 жылдары Қазақстан чемпионатын үш рет жеңіп алған (1994, 1995, 1998) «Елімайдың» мұрагері емес.

Қазақстан чемпионаты 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. Сол кезден бері «Астана» клубы чемпионатты 2014 пен 2019 жылдары және 2022 жылы 7 рет жеңіп алған. Павлодардың «Ертіс» клубы (1993, 1997, 1999, 2002, 2003) мен «Ақтөбе» (2005, 2007, 2008, 2009, 2013) бес рет, Алматының «Қайрат» командасы (1992, 2004, 2020), Семейдің «Елімайы» (1994, 1995, 1998) мен Астананың «Жеңіс» жасағы (2000, 2001, «Астана», 2006) үш рет, «Қостанайдың «Тобылы» (2010, 2021) мен Қарағандының «Шахтер» клубы (2011, 2012) екі рет жеңіп алса, 1996 жылы «Тараз» бір рет чемпион болған. Ал биыл Шымкенттің «Ордабасы» командасы алғаш рет Қазақстан чемпионы атанды.

Биылғы маусымда Алматының «Қайрат» клубының ойнышысы Жоао Пауло  чемпионаттың бомбардирі болды. Ол 26 мачта 17 доптың авторы атанып, Евстафий Пехлеванидің жүлдесін алды.

4 қарашада «Астана Арена» стадионында Қазақстан кубогының финалы болады. Бұл матчта Шымкенттің «Ордабасы» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары кездеседі.

Қазақстан премьер лигасында (ҚПЛ) 14 команда ойнайды. Әр маусымның соңында ең төменгі орын алған үш команда бірінші лигаға кетеді. Олардың орнын ол жақтағы ең жоғарғы орын алған үш команда келеді. 2008 жылдан бастап қосалқы құрамдар турнирі өткізілуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама