Министрлік қазақстандықтарды сақ болуға шақырды
Қазақстанның Цифрлық даму министрлігі азаматтардың құпиялылығын және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігін бұзатын Telegram-боттың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Министрліктің мәліметінше, қазақстандықтардың дербес деректерін тарататын 8 Telegram-боттың қызметі бұғатталған.
Биыл 28 қазанда азаматтардың құпиялылығына және олардың дербес деректерінің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірген Telegram-боттың қызметі тоқтатылды. Дербес деректердің таралып кету қаупін азайту және оларды заңсыз жинау және өңдеу фактілерінің жолын кесу мақсатында азаматтарды мұндай Telegram-боттарды пайдаланбауға және насихаттамауға, сондай-ақ өздерінің дербес деректерін жалпыға қолжетімді көздерде және әлеуметтік желілерде қалдырмауға шақырамыз, - деді министрлік.
Сонымен қатар ведомство аталған боттардың қандай қауіп тудыратынын түсіндіріп, қазақстандықтарды сақ болуға шақырды.
Мұндай Telegram-боттарды пайдалану олардың иелеріне ID, аты, тегі, лақап аты, «өзі туралы» бөлім және қосымшада орнатылған тіл сияқты жеке деректерге қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл аккаунтты бақылауды жоғалтуға немесе жазбаға қол жеткізу және пайдаланушы атынан хабарлама жіберу мүмкіндігі сияқты параллельді пайдалануға алып келуі мүмкін. ҚР ЦДИАӨМ мұндай Telegram-боттар анықталған жағдайда, азаматтардың дербес деректерді қорғау құқықтарының бұзылуын болдырмау үшін министрлікті хабардар етуді сұрайды, - делінген ақпаратта.
Еске сала кетейік, жақында қазақстандықтардың жеке мәліметтері ресейлік «Глаз бога» атты Telegram-ботта жарияланып кеткен болатын. Министрлік аталған ботты бұғаттау үшін ресурстың меншік иесіне хат жолдағаны белгілі болады.
Аталған бот – ұзақ уақыт ішінде барлық тараған мәліметтерді жинаумен айналысқан тұтас жүйе. Бот бар болғаны сол жүйеде сақталған ақпаратты сатады. Біз Мәдениет және ақпарат министріне хат жолдадық, олар Telegram-ның әкімшілігіне аталған ботты бұғаттау туралы хат жіберді. Тек Telegram әкімшілігі ғана боттың жұмысын тоқтата алады, мемлекет оны бұғаттай алмайды. Қазір ресурстың меншік иесімен жұмыс жүргізіліп жатыр, - деді ҚР Цифрлық даму министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.
Сондай-ақ ол қазақстандықтардан аталған ботқа қатысты шағым түспегенін айтқан еді.
Бүгінгі күнге дейін аталған боттың жұмысына қатысты қазақстандықтардан бірде-бір шағым түскен жоқ. Халық әлеуметтік желіде жеке мәліметтердің тарағанына наразылық білдіреді, бірақ ешкім ресми органдарға шағымданғысы келмейді. Егер шағым болмаса ол проблеманы айтудың қажеті қанша? Қазақстанда жеке мәліметтерді қорғаумен айналысатын 4 қана маман бар. 19 млн адамның мәліметін осынша адам қорғайды, - деді ол.