×

«Баға басқаша болады»: Сәтқалиев көлігін газға ауыстыратын жүргізушілерге ескерту жасады

Қазақстанда сұйылтылған газ өндірісінің көлемі азайып келеді

 Айнұр Шошаева 27.10.2023 | 23:06
Фото: carwow.com

Қазақстанда сұйылтылған газ өндірісінің көлемі азайып келеді. Осыған орай Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазақстандықтарға ескерту жасады, деп хабарлайды Halyq Uni.

Жыл басында қазан айында 124  мың тонна сұйылтылған газ пайдаланамыз деп жоспарладық. Іс жүзінде қазан айында 144 мың тонна өнім пайдаланылды. Бұл газдың жеткізілуін қамтамасыз ету үшін ТШО компаниясымен ауыр келіссөздер жүргіздік. Бұған дейін оларды ішкі нарыққа 10 мың тонна жеткізуін сұраған едік. Оған қоса қазан, қараша мен желтоқсанда тағы 10 мың тоннадан жеткізуін сұрадық. Қалған жетпей тұрған өнімді «ҚазМұнайГаз» АҚ ресурсынан бөлу туралы шешім қалды, – деді министр. 

Оның сөзінше, өндірушілер үшін сұйылтылған (мұнай) газының бағасы нарықтық емес, керісінше шығын. 

Сондықтан олар Қазақстанда сұйылтылған (мұнай) газы өндірісінің көлемін азайтып жатыр. Яғни бізде өңірдегі ең төменгі баға, сол себепті жағдайдың көп уақыт сақталмайтынын айтамыз. Біз автомобиль иелеріне көлікті сұйылтылған газға ауыстыруға кеңес бермейміз. Өйткені баға кепілдікті түрде өсе беретін болады. Әлбетте бағаның бірден көтерілуіне жол бермейміз, жаңғыртудың бар көлемі оған итермелейтін болады. Егер тапшылық болса, экспорттан алуға тура келеді. Бұл жағдайда баға экспорттық баға болады,  – деп толықтырды сөзін. 

Сонымен қатар ол автомобильді газға ауыстыру көп жағдайда  сертификатталмаған компанияларда жүргізілетінін атап өтті. Бұл техникалық апаттарға әкелетін қауіп тудырады. 

Қазіргі уақытта бізде ішкі нарықты қамтамасыз ету үшін резерв бар, бірақ ол шектеулі. Екіншіден, бұған дейін бірнеше мәрте айтқанымыздай, ауқымды мұнай газ химия нысандарын (полипропилен, полиэтилен, бутадиен) іске қосқан кезде сұйылтылған газ шикізат көзі болып табылады. Бұл да сұйылтылған газды ішкі нарыққа жеткізу көлемін азайтуға негіз болатын қосымша фактор. Сондықтан, болашақта ішкі нарықтағы сұйылтылған газ көлемі минималды болып, газға ауыстырылған көліктерді сығылған газға ауыстыруға тура келеді. Сұйылтылған газдың бағасы басқа болады. Қазірден бастап автомобильді газға ауыстырғанда елдегі сұйылтылған газға сұраныс, тұтыну мен жеткізу балансын ескеру қажет. Баға бірден көтерілмейді. Әлемдік тәжірибеде сұйылтылған газ бағасы бензин бағасының маңайында белгіленеді, – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама