Шетелдік журналистер қазақтың ұлттық ойындарымен танысты
Олар ұлттық тағамдардан дәм татты
Қазақстанның ұлттық спорт қауымдастығы шетелдік журналистерге ұлттық спортты таныстырып, ұлттық тағамдардан дәм татқызды.
11 елден келген БАҚ өкілдері арасында АҚШ-тың «Asia Times», Аустрияның «Die Presse», Бельгияның «EU Reporter», Испанияның «EFE», Оңтүстік Кореяның «The Korea Times», Өзбекстанның «Новости Узбекистана», Францияның «La presse Turquosie» басылымдарының журналистері бар.
Айта кетейік, 2024 жылы V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізу эстафетасы Қазақстанға берілді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындары (World Nomad Games) – этникалық спорт түрлері бойынша халықаралық жарыс. Оған Орталық Азияның тарих бойынша көшпелі халықтарының ұлттық ойындары негіз болды.
Ұлттық спорт қауымдастығы 2024 жылы Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік Көшпенділер ойындары қарсаңында «ALAMAN» медиа байқауын жариялады.
Байқау 2023 жылдың 1 қыркүйегінен 2024 жылдың 1 наурыз аралығында 6 ай бойы өткізіледі. Оған отандық журналистер, авторлар және шетелдік БАҚ өкілдері де қатыса алады.
Байқау 7 номинация бойынша өтеді:
- 1. Үздік бағдарлама (телевизия, радио)
- 2. Үздік аналитикалық материал (дәстүрлі баспасөз: газет, журнал)
- 3. Үздік танымдық материал (интернет, БАҚ)
- 4. Үздік сұхбат (YouTube арна)
- 5. Үздік фотосурет (БАҚ, әлеуметтік желі)
- 6. Шетелдік БАҚ-та жарияланған үздік материал (қазақтың ұлттық спорты туралы)
- 7. Әлеуметтік желідегі үздік материал (блогинг, мобилография)
Әр номинация бойынша үш үздік авторға ақшалай сыйлық беріледі:
- 1 орынға – 1 000 000 теңге;
- 2 орынға – 700 000 теңге;
- 3 орынға – 500 000 теңге.
Байқаудың жеңімпаздары 2024 жылдың наурызында марапатталады.
Байқаудың мақсаты – ұлттық спорт түрлерінің насихатын күшейту, осы саладағы журналистер, БАҚ өкілдері және авторларды кәсіби тұрғыдан бағалап, ең үздіктерін анықтау.