×

Ақтөбе облысында қоян атқан азамат ұсталды

Тергеу жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 23.10.2023 | 13:11
Фото: polisia.kz

Ақтөбе облысында қоянды заңсыз атқан азамат ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінң мәліметінше, Ембі қалалық ПБ «Браконьер» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында 21 қазанда түнгі мезгілде Ембі – Алтынды тасжолында Қостанай облысы тұрғынының басқаруындағы UAZ-3909 автокөлігін тоқтатқан. Автокөлікте 3 жолаушы болған. Көлік салонын қарау барысында атып алынған 4 қоян, 12, 20-калибрлі екі тегіс ұңғылы аңшылық мылтық, 38 патрон, 2 резеңке қайық пен 10 метрлік тор табылып, тәркіленді.

Тәркіленген қарулардың автокөлікте болған Ембі қаласының 43 жастағы тұрғынына тиесілі екені анықталды. Оның қос қаруды сақтау мен алып жүруге рұқсаты болғанымен, аңшылыққа тиісті рұқсаты болмағаны анықталды.

Заңсыз аңшылық дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Күдікті кінәсін мойындады. Автокөлік полиция бөлімшесінің аумағына тұраққа қойылды. Тергеу жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама