×

Президент отандық геология саласының ардагерлерін қабылдады

Кездесуде геология саласының өзекті мәселелері мен аталған бағытты ынталандыруға қатысты ұсыныстар талқыланды

 Динара Амантай 20.10.2023 | 16:55
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент отандық геология саласының ардагерлерін қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің геология саласына еңбек сіңірген бір топ қайраткер – ҚР ҰҒА академигі Серікбек Дәукеевпен, «Меридиан Петролеум» ЖШС-нің директоры Балтабек Қуандықовпен, Қ.И. Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры Герой Жолтаевпен және «Минералдық ресурстар академиясы» қоғамдық бірлестігінің президенті Болат Үжкеновпен кездесті.

Кездесу барысында мемлекет басшысы геология саласы жалпы жер қойнауын пайдалану ісін қарқынды дамытудың негізі екенін және ел экономикасының маңызды құрамдас бөлшегі саналатынын атап өтті.

Президенттің пікірінше, аталған салаға, әсіресе геологиялық барлау және жер қойнауын кешенді зерттеу бағытына тың серпін беру қажет. Сондықтан жуырдағы Жолдауда Үкіметке 2026 жылға қарай геологиялық және геофизикалық барлау көлемін 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін жеткізу міндеті жүктелді.

Мемлекет басшысының айтуынша, геологиялық барлау саласына шетелдік инвесторларды, сондай-ақ капитал мен заманауи технологияларды тарту мақсатында кешенді шаралар қабылданып жатыр. Бұл ретте инвестиция үшін геология саласының ашықтығы мен мемлекет мүддесі арасындағы теңгерімді сақтау маңызды.

Сонымен қатар кездесуде геология саласының өзекті мәселелері мен аталған бағытты ынталандыруға қатысты ұсыныстар талқыланды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев отандық геология саласын дамытуға елеулі үлес қосқаны үшін ардагер ғалымдарға алғыс айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама