Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасарына қатысты сот үкімі шықты

Айнұр Асылбекқызы

Таубаевты 10 жылға, Басаровты 5 жылға бас бостандығынан айыру үкімі шықты

Сот залында Таубаев қызымен сөйлесіп тұр, фото: Halyq Uni

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен Атырау облысы бойынша құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровты айыптау бойынша қылмыстық ісі қаралды.

Сотта анықталғандай, 2020 жылдың шілде айында Атырау облысының әкімдігімен Жылыой ауданының Құлсары қаласында аурухана салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстарын «БКК» ЖШС арқылы орындаған.

Сотталушы Н.Таубаев облыс әкімінің орынбасары бола тұра және құрылыс саласына жетекшілік ете отырып, «БКК» ЖШС директорының орынбасарынан келісімшарт сомасының 10% мөлшерінде пара талап еткен. Кейін сотталушы Т.Басаровтың (құрылыс басқармасының басшысы) қатысуымен пара сомасы 7% - 185 500 000 теңге мөлшерінде келісілген.

Т. сотталушы Б.-ға ақша қаражатын алып келуді тапсырған. Содан кейін Б. жәбірленушіден 185 730 004 теңге (423 900 АҚШ доллары және 5 000 000 теңге) мөлшерінде пара алған.

Көрсетілген мән-жайлар мен сотталушылардың кінәсі сотталушы Б.- ның кінәсін толық мойындау жауабымен, жәбірленушінің, куәлардың айғақтарымен, оқиға болған жерді қарау хаттамаларымен, жеке тінтумен, WhatsApp мессенджеріндегі хат алмасумен, бақылау камераларының бейнежазбасымен, АЖІШ және ЖТӘ нәтижелерімен, сараптама қорытындыларымен өз дәлелденген.

СОТТЫҢ ПОЗИЦИЯСЫ

Сот сотталушы Т.-ны Қылмыстық кодекстің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (мемлекеттік қызметті атқаратын лауазымды адамның қорқытып алу жолымен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен аса ірі мөлшерде пара алуға оқталуы), Б.-ны ҚК-тің 28-бабының 5-бөлігі, 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігімен (аталған іс-әрекеттерге көмектесу) кінәлі деп таныды.

Сот сотталушы Т.-ның қабылдаған антты бұзу арқылы қылмыс жасағанын жазаны ауырлататын жағдай деп таныды.

Қылмыс жасалған уақытта қолданылған ҚК-нің 366-бабының 4-бөлігінің санкциясы 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жазаны көздейді.

Заң бойынша (ҚК-нің 56-бабы 3-бөлігі) қылмысқа оқталу кезінде жаза ең жоғарғы жазаның 4/3 бөлігінен, яғни 11 жыл 3 айдан аспауға тиіс.

Сот үкімімен Т.-ға 10 (он) жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сотталушы Б.-ға жазаны ауырлататын мән-жайлар мен заң талаптарының (жаза 8 жыл 5 айдан аспайды) болмауы ескеріле отырып, ҚК-тің 55-бабының 4-бөлігі қолданылып, 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Екі сотталушы да өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.

Еске салайық, 19 сәуірде өткен Атыраудың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров соттағы соңғы сөзін айтты.

Сот отырысында бұрынғы облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Таубаев 1 жыл 7 айдан бері тергеу тергеу абақтысында отырып, денсаулығы нашарлағанын, болған жайттың бәрі ағасы Асқар Таубаевтың жағдайына әсер етіп, оның қайтыс болғанын айтты.

Сондай-ақ өзіне тағылған айыптың бәзбіреулердің әрекеті деп санайтынын жасырмады.