×

Шымкентте соңғы екі жылда 25 қыз алып қашу фактісі тіркелген

Қала прокуроры мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды

 Динара Амантай 19.10.2023 | 10:06
Коллаж: Halyq Uni

Шымкент қалалық прокуратурасында қыз алып қашуға қатысты жағдайларға байланысты кеңес өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қала прокуроры Ғабит Мұқановтың айтуынша, мұндай фактілер қалада әлі де жыл сайын тіркеледі. Мәселен, соңғы екі жылда қалыңдықты алып қашу белгілері бар 25 дерек тіркелген (2023 жылы тіркелмеген).

Аталған фактілер бойынша қылмыстық істердің барлығы қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. Негізінен қалыңдықтардың өздері күйеу жігіттің үйіне өз еркімен келгені туралы арыз жазған.

Ғабит Мұқанов некенің алдау мен зорлық-зомбылықтан басталмауы керектігін, оларды асығыс қадамнан қорғау қажеттігін жеткізді. Бұл ретте барлық әлеуетті күйеу жігіттер мұндай қадамдар үшін жазаның ауырлығын, ал «игі іс» деп санап, оларға көмектесетіндер бұл үшін жауапкершіліктің бар екендігін түсінбейді.

Дегенмен қыз алып қашуға байланысты әрекеттер мән-жайларға байланысты адамды ұрлау (ҚР ҚК-нің 125-бабы, 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру қарастырылған) немесе бас бостандығынан заңсыз айыру (ҚР ҚК-нің 126-бабы, 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру көзделген) деп саралануы мүмкін. Аталған баптар бойынша қылмыстық құқықбұзушылық туралы істер жариялы айыптау iстерi болып есептеледі. Мұндай жағдайларда бұл iстер бойынша қылмыстық қудалау жәбiрленушiнiң шағым берген-бермегеніне қарамастан іске асырылады, – деді Ғабит Мұқанов.

Қала прокуроры мұндай қылмыстардың алдын алу үшін тұрғындар арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Еске сала кетсек, бұған дейін Жамбыл облысында қыз алып қашқан 2 адамның сотталғанын хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама