×

XXI ғасырда дарынды балаларға тәлім-тәрбие беруде нені ескеру керек?

«Білім-инновация» лицейінде педагогтер тәжірибесімен бөлісті

 Халық үні 18.10.2023 | 14:36
Фото: "Білім-инновация" халықаралық қоғамдық қоры

Астана қаласы әкімдігінің дарынды ер балаларға арналған «Білім-инновация» лицей-интернаты 17 қазанда «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының 30 жылдық мерейтойына орай «Қазақстанның білім беру кеңістігінің дамуындағы «Білім-инновация» лицейлерінің тәжірибесі» атты республикалық іс-шаралар аясында өз тәжірибесімен бөлісуге елордамыздың жас педагогтерін шақырды.

Шара педагогикалық шеберхана форматында өтті. Оған 112 жас маман қатысты. Оларды лицей кіреберісінен ұлттық аспаптарда тамаша күй әуенімен жас өнерпаздар, өзін-өзі басқару орталығының жігіттері тамаша таңғы тілек жазылған жүрекше-қағаздармен және түрлі тәттілермен қарсы алып, ерекше көңіл-күй сыйлады. Шараның ашылуына шақырылған қонақтар мен лицей басшысы Сихимбеков Руслан Алмасұлы жылы лебіздерін білдіріп, шараға сәттілік тіледі.

БИЛ-дің оқу, тәрбие және дарындылықты дамытуды табысты іске асыруындағы отыз жылдық қордаланған тәжірибесімен бөлісу және заманауи талаптарға сай үлгілерін көрсету, қатысушылармен кері байланыс жасау және тәжірибе алмасу мақсатында «Педагогикалық шеберхана» жұмысы 4 бағытта (оқу, тәрбие, бейіндік және кәсіби бағдар беру) жүргізілді.

Оқу-әдістемелік бағытта жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндердің кіріктірілген форматы көрсетілді. 7-сыныпта тарих, қазақ тілі, географиядан «Табиғи апаттар және олардан сақтану» тақырыбында мұғалімдер Жатақбаева Гүлқайың, Рамазанова Нүргүл, Оспаналиев Елдос, 8-сыныпта қазақ тілі, биология, орыс тілінен «Дені саудың тәні сау» тақырыбында мұғалімдер Естемісова Сәнім, Ахметжанова Толқын, Сейфуллина Жанар, 9-сыныпта ағылшын тілі, физика, қазақ тілінен мұғалімдер Мәжібиева Бағила, Сейілбаева Мөлдір, жас маман Өтеген Ғалымжан сабақтар өткізді.

Бейіндік бағытта оқушы бойында дарындылықты дамытудың жолдары мен пән олимпиадаларына дайындаудың қыр-сырлары туралы жас мамандармен әлемдік ұстаз Муаммер Гул мен директордың орынбасары Рахимова Гульнар бөлісті. Лицейде кәсіби бағдар беру жұмысының жүргізілу барысымен Корғанов Русланбек таныстырды.

«Құндылыққа негізделген тәрбие беру – заман талабы» тақырыбымен 10-сынып жетекшісі Мауқанов Нұрсұлтан, мектеп, оқушы, ата-ана ынтымақтастығы туралы лицей оқушысының ата-анасы Сыздықова Алма тамаша ойларын ортаға салды.

Шара соңында қатысушылармен жаңа форматта кері байланыс жасалып, жас мамандар тұжырымды, жүрек жарды пікірлерін айтты.

Лицей парақшасына тіркеліп, тамаша пікір, видео, контент жазған 7 әріптеске сыйлықтар табысталды. Барлық қатысушылар керемет көңіл-күймен, жаңа серпіліс алып кетті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама