×

Үркердің проблемасы Үкіметке жетті (ВИДЕО)

Мәжіліс депутаты елді мекеннің проблемасын шешудің жолын ұсынды

 Дастан Жұмабекұлы 18.10.2023 | 13:58
Фото: inform.kz

Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Дәулет Мұқаев премьер-министр Әлихан Смайыловқа Астана қаласының маңындағы Үркер шағын ауданына тағы екі кәріз тазарту станциясының тұрғын үйлердің жанына салынуына қатысты сауал жолдады.

Ол қала іргесіндегі шағын аудандардың проблемасы жыл өткен сайын көбейіп жатқанын, соның бірі ретінде Үркер елді мекеніне тағы екі кәріз тазарту станциясының салынуына халықтың наразы болып отырғанын айтты.

Осы уақытқа дейін «Астана Су Арнасы» кәсіпорнына қарасты қалалық кәріз тазарту станциясының зардабын Үркер шағын ауданының тұрғындары тартып келеді. Жаз болса үйге қамалып, таза ауадан тарылған елдің алды бүгінде сырқаттана бастаған. Тұрғылықты халық арасында астма, онкологиялық аурулар өрши түскен. Бір кәріз тазарту станциясынан құтыла алмай жүргенде, 2016 жылы қабылданған шешім бойынша тағы екі кәріз тазарту станциясы салынатынын естіген жұрт наразы, – деді ол.

Оның айтуынша, халық кәріз тазарту станциясының салынуына емес, тұрғын үй алқаптары маңына жақын салынуына қарсы. Құжаттамаға сүйенсек, нысан Қорғалжын тасжолының бойында, «Карамель» ТК-ге қарама-қарсы жерге салынады. Тұрғын үйлерден аса алыс емес. Небәрі 2 791 метр немесе 3 шақырым қашықтық қана.

Одан қала берді, КОС2 қала халқы демалатын жасыл желектен бес қадамдық жерде, халқымыздың тарихи-мәдени мұрасы болып саналатын Бозоқ қаласының аспанасты музейіне жақын орналаспақ. Елорда халқының тынығуына да кедергісін келтіретіні сөзсіз.

Осы ретте ол көпшіліктің мұндай маңызды нысандардың қала маңынан тыс аумаққа, кемі 50 шақырым алшаққа салынса деген ұсынысын жеткізді. Оның пікірінше, бұл нысандарды салуда жергілікті халықтың пікірі мен рұқсаты негізге алынбаған, қоғамдық тыңдау ұйымдастырылмаған. Бүгінде петиция жариялап, басым көпшілігі өзінің қарсы екендігін де көрсетіп отыр. Тұрғындар БАҚ-та да ақпараттар жариялап, талап-тілектерін бірнеше рет жеткізген. Одан да еш нәтиже болмаған.

Экологиялық кодексте, стационарлық көздің және стационарлық көздер жиынтығының жол берілетін шығарындыларының нормативтерін сақтау мониторингі мемлекеттік реттеуге жататын өлшемдердің бекітілген тізбесіне сәйкес өлшеу арқылы іске асырылады делінген. Бірақ Үркер аймағында мониторинг жүргізілмеген.

Осыдан кейін депутат халықтың талап-тілегін ескере отырып өз ұсыныстарын айтты. Ол әуелі «Астана СУ Арнасы»  кәсіпорны жұмыс істейтін объектіге апта ішінде тәуліктің әртүрлі уақытында (түнде де) ауа сынамасын алу үшін экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізу қажеттігін, оның нәтижесін бұқаралық ақпарат құралдарында жариялап, қажетті шараларды қабылдау керектігін атап өтті.

Кәріз тазалау станциясы аймағында тұратын астаналықтардың қауіпсіз және жайлы өмір сүруін қамтамасыз ету керек. Атмосфераға SAP ENS EC зиянды заттардың шығарындылары мен төгінділерінің электрондық дисплейі бар шығарындылар көзінде автоматтандырылған бақылау жүйелерін орнатып, алдағы уақытта барлық Кәріз тазалау станциясы сүзгілерін жаңа сүзгілерге ауыстыру қажет, – деді ол.

Сонымен бірге ол Астана қаласының Бас жоспарынан Астанадан тыс Ақмола облысына дейін, қала шекарасынан 50 шақырымнан астам қашықтықтағы Кәріз тазалау станциясы құрылысы алынып тасталсын деп ұсыныс айтты. Одан басқа, 2023-2024 жылдары Үркер, Комсомольский, Жағалау шағын аудандарында, Тұран даңғылы бойында, Қорғалжын тасжолы, Айтматов көшесі, Қараөткел бойында орналасқан тұрғын үй кешендерін қалың көгалдандыру жұмыстарын қолға алуды ұсынды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама