«Экологиялық ахуал нашарлап барады». Президент ТМД елдерін бірігуге шақырды

Дәурен Ерболат

Әлемдегі орташа температураның көтерілуі күрделі проблемаға айналуы мүмкін

Фото: nationalgeographic.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД елдері бірігіп, күрделі экологиялық мәселелерді шешу міндеті тұрғанын мәлімдеді, деп хабарлады Ақорда.

Оның пікірінше, елдеріміздің транзиттік әлеуетін нығайту үшін қазіргі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңғыртып, цифрлық шешімдерді енгізу шаралары маңызды.

Президент ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумағы арқылы өтетін күре жолдарды өзара ұштастыру тұжырымдамасын әзірлеуді ұсынды. Ол бұл құжат Еуразия кеңістігіндегі Достастық елдерінің мүдделерін ескеретін жаңа транзиттік-логистикалық кодқа айналуға тиіс деген ұстанымда.

Қасым-Жомарт Тоқаев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін өзекті екенін жеткізді.

Анағұрлым өнімді әрі экологиялық таза ауыл шаруашылығын дамыту үшін өзара ықпалдастықты күшейткеніміз жөн. Озық тәжірибемен бөлісіп, өндіріс пен өткізілетін өнім арасындағы тізбекті жолға қою, сондай-ақ фитосанитариялық және ветеринарлық талаптарды оңтайландыру үшін қолайлы жағдай жасау қажет, – деді президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, климаттың жаһандық деңгейде өзгеруі елдеріміздің орнықты дамуына айтарлықтай қауіп төндіреді.

ТМД-ға мүше бірқатар мемлекеттің аумағында қазіргі экологиялық ахуал нашарлап, шөлге айналу және су қорының сарқылу жағдайында бұл проблеманы елеусіз қалдыруға болмайды. БҰҰ бағалауына сәйкес 2050 жылға қарай климаттағы өзгеріс салдарынан бес миллиардтан астам адам су тапшылығына ұшырауы мүмкін. Қазірдің өзінде Орталық Азия елдері жер шарындағы орташа температураның көтерілуіне байланысты күрделі проблемаларға тап болып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін президент мемлекеттік тілдің мәртебесін күшейту саясатын жалғастыра беретінін мәлімдеген еді.