×

Елімізде шетелдік әуе компаниясы пайда болуы мүмкін

Бүгінде басымдық Вьетнам компанияларына беріліп отыр

 Дәурен Ерболат 11.10.2023 | 14:31
фото: Hola News

Қазір шетелдік әуе компаниясын Қазақстан нарығына тарту жұмысы жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Көлік министрі Марат Қарабаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Айдос Сарым елімізде ұшақ билеттері өте қымбат екенін айтып, мәселе көтерді.

«Тұтынушылар мен сарапшылар қауымдастығы әуе тасымалы бағасының жоғары мәселесін үнемі көтеріп жүр. Бұл туралы талай депутаттық сауал жолданды. Адамдар төмен бюджетті әуе компаниясы билет бағасының күн сайын қымбаттап бара жатқанын айтады. 

Air Astana әуе компаниясының еншілесі Fly Arystan жолаушыларды қолжетімді бағамен қамту үшін құрылған еді. Сондай-ақ ол ішкі туризмді дамытуға негізделген болатын. Ал іс жүзінде лоукестер билеттерінің бағасы бас компания бағасымен теңесіп, жылдан жылға өсіп жатыр. Мұндай баға масқара емес пе? Болашақта азаматтарымыз әуе билеттерін қолжетімді бағамен сатып алу үшін Көлік министрлігі қандай шаралар қарастырады? – деді ол.

Министр Марат Қарабаев мұндай мәселенің барын мойындап, нарықтағы бәсекелестікті дамыту жағын қарастырып жатқандарын жеткізді. 

«2020-2021 жылдармен салыстырғанда әуе тасымалына сұраныс 17% өсті. Биыл ол 26%-ға артты. Жалпы сұраныс артып жатыр, ал ұсыныс оған төтеп бере алмауда. Ол үшін ұшақтардың санын ұлғайту қажет. Былтыр 14 ұшақ сатып алынды.

Біріншіден, биыл жыл соңына дейін әуе компаниялары тағы 11 ұшақ сатып алады. Нәтижесінде қазақстандық ұшақтардың саны жүзге жетеді және ондағы орындықтар 12 мыңнан 15 мыңға артады, тағы 3 мың орын қосылады. Оған қоса, 2024-2025 жылдары тағы 14 ұшақ сатып алу жоспарланып отыр. 

Екіншіден, бәсекелестікті дамыту керек. Air Astana әуе компаниясы Fly Arystan-ды жеке шығарып жатыр. Нәтижесінде 4 әуе компаниясы болады, осылайша бәсекелестік артады. Оған қоса, шетелдік әуе компаниясын нарыққа тартып, оны бесінші компания ретінде дамыту жоспарланған, - деді ол.

Мәжілістің жалпы отырысынан шыққан министр отандық нарықта қандай шетелдік компания жұмыс істеуі мүмкін екенін айтты.

«Жалпы (Qazaq Air әуе компаниясын) сатамыз деген ой бар. Біз оны бірнеше компанияға ұсындық. Оның ішінде Вьетнамның Sovico компаниясы бар. Онымен көбірек жұмыс істеп жатырмыз. Олар Қазақстанның ішкі нарығын зерттеуде.

Сондай-ақ VietJet Air компаниясы бар. Ол Қазақстанда ұшып жүр. Ол да лоукостер. Компанияның ұшақтары өте көп. Соны нарыққа тартамыз деген ой бар. Бірақ бұл мәселе қазір шешілмейді», - деді Марат Қарабаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама